Каис Саид Тунис президенті болып қайта сайланды

АСТАНА. KAZINFORM – Жексенбі күні Тунисте президент сайлауы өтіп, онда экзит-полл нәтижелері бойынша елдің қазіргі президенті Каис Саид 89,2 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл туралы Kazinform-ның Иорданиядағы меншікті тілшісі Арсен Утешев хабарлайды

Каис Саид экзит-пол мәліметтері бойынша Тунис президенті болып қайта сайланды
Фото: @TnPresidency

«Болжалды қорытынды Каис Саидтың 89,2%, жалпы 2 194 150 дауыс жинап, президенттік сайлауда жеңгенін көрсетіп отыр», - деп мәлімдеді Sigma Conseil зерттеу компаниясының директоры Хасан Заргуни Тунис қоғамдық телеарнасында.

Тунистің тәуелсіз сайлау органы жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18:00-де сайлау учаскелері жабылған кезде сайлаушылардың уақытша қатысуы 27,7 пайызды құрағанын хабарлады.

Дауыс беруге барлығы 2,7 млн сайлаушы қатысты.

Сайлау органы 2 қыркүйекте кандидаттардың түпкілікті тізімін жариялады. Оның құрамына төрт үміткер кірді: қазіргі президент Каис Саид, оппозициялық кандидат, «Азимун» қозғалысының бас хатшысы Аячи Заммель және Саидтың жақтаушысы – Халық қозғалысының бас хатшысы Зухаир Магзауи.

Дәл сол exit-poll қорытындысы бойынша, Заммель 6,9% (169 мың адам), Магзауи 3,9% (95 мың адам) дауыс жинаған.

«Сайлау процесі бірқалыпты өтті және біз осы сайлау күнін бұзатын оқиғаларды тіркемедік. Тунистіктер ел ішінде де, шетелде де сайлау учаскелеріне лайықты келді», - деді Тунис сайлау комиссиясының басшысы Фарук Буаскар баспасөз мәслихатында.

Буаскардың хабарлауынша, сайлаушылардың келуінің ресми және соңғы көрсеткіштері сайлаудың алдын ала қорытындыларымен бірге дүйсенбі күні кешке жарияланады.

Тунис президенті бес жылдық мерзімге сайланады. Тунисте бұрынғы президенттік сайлау 2019 жылы өтті, сол кезде тәуелсіз кандидат және конституциялық құқық профессоры Каис Саид екінші турда жеңіске жетті. Ол 72% дауыс жинады.

Соңғы жаңалықтар