Қала балалары ауылда 20 күн тұрып қазақша үйренді: ШҚО-дағы жаңа жоба келесі жылы да жалғасады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында оқушыларға қазақ тілін үйрету мақсатындағы «Қонақжай отбасы» жобасы келесі жылы да жалғасатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елімізде алғаш рет қолға алынып отырған «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қала балалары Катонқарағай ауданындағы ауылдарға барып, 20 күн тұрып қайтты.
Тілдік ортаға еніп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгін Өскеменде өткен дәстүрлі тамыз конференциясында жобаның қорытындысы шығарылып, алдағы уақытта қалай жалғасатыны сөз етілді.
ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, алғашқы 10 күннен кейін балалар қазақша сөйлей бастаған.
«Жобаға барлығы 12-14 жас аралығындағы 67 бала қатысты. Олар ауылдағы отбасылардың үйлерінде тұрып, тіл үйренді. Нәтижелері өте жақсы. Ауылдарда арнайы штаб та жұмыс істеді. Оның құрамына полицейлер, психологтар мен мұғалімдер кірді. Ал ата-аналар үшін WhatsApp желісінде топ құрылып, күніне екі рет есеп жіберілді», - дейді ол.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев келесі жылы бұл жоба тек Катонқарағайда емес, Шығыс Қазақстанның барлық ауданында жүзеге асатындығын жеткізді. Әр ауданның мүмкіндіктері, ерекшеліктері ескеріліп, ұстаздар қауымы ұсыныс-тілектерін білдіре алады.
«Бұл жаңа жоба көптің көңілінен шықты. Тіпті еліміздің басқа аймақтарында да қызығушылық тудырып отыр. Сол үшін оны ары қарай жалғастыруымыз қажет», - деді әкім.
Еске салсақ, ШҚО-да «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қала балалары ауылда 20 күн тұрып, қазақ тілін үйренетіндігін хабарлаған едік.