Қала келбетіне ұлттық реңк: Петропавлда қазақ қаламгерлеріне арналған муралдар көбейді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Соңғы жылдары Петропавл келбеті қазақыланып, өзгеріп келеді. Қала көшелерінде қазақтың ақын-жазушыларына арналған муралдар пайда болды.
Герольд Бельгер
Соңғы ашылғандардың бірі – көрнекті қазақстандық жазушы, аудармашы әрі публицист Герольд Бельгерге арналған.
Жамбыл Жабаев көшесінде орналасқан арт-туынды қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай салынды. Балалық шағы Солтүстік Қазақстан облысында өткен Герольд Бельгер өңірді өзінің туған жеріндей көріп, ерекше құрметтеген.
Мурал қазақ, неміс және орыс мәдениеттерінің арасын жалғаған «тірі көпір» атанған қаламгердің ұлтаралық келісім мен достықты нығайтуға қосқан үлесін дәріптеу мақсатында салынған. Бастаманы Петропавл әкімдігі қолдап, туындыны Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Петропавл тумасы Болат Әсербеков жазушының отбасылық мұрағатындағы фотосуреттерге сүйене отырып әзірледі. Кәдімгі муралдардан ерекшелігі – сурет керамикалық плиткаға түсіріліп, жоғары температурада күйдіріледі. Сондықтан мұндай паннолар ұзақ жылдар бойы тұрады.
Муралдың биіктігі – 11 метр, ені – 17 метр. Жалпы аумағы 187 шаршы метрді құрайды.
Ботай
Биыл Жамбыл Жабаев көшесінде сондай-ақ Ботай мәдениетіне арналған мурал пайда болды. Бұл өңірдің ежелгі тарихын насихаттауға бағытталған ауқымды арт-жоба. Ол Герольд Бельгерге арналған муралмен біртұтас көркемдік тұжырымдама аясында салынғанымен, толықтай энеолит дәуіріне арналған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, муралды ашудағы мақсат – Айыртау ауданы Ботай қонысында шамамен 5,5 мың жыл бұрын ежелгі адамдар әлемде алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйреткенін қала қонақтарына паш ету.
Қабырғаға салынған суретте ботайлықтардың тұрмыс-тіршілігі, дала жағдайына бейімделген баспаналары, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтары және адам мен жылқының ажырамас байланысы заманауи көркемдік тәсілмен жан-жақты бейнеленген.
Герольд Бельгерге арналған мурал секілді бұл туынды да Солтүстік өңірдің қатал климаты ескеріліп салынған. Арнайы таңдалған материалдар мен бояулар қыстың аязына, жауын-шашын мен ыстыққа төзімді, табиғат құбылыстары оған әсер етпейді.
Мұны да Болат Әсербеков жасады. Панноның биіктігі - 11 метр, ені - 17 метр, жалпы аумағы 187 шаршы метрді құрайды.
Абай Құнанбаев
2020 жылы Петропавлдағы Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысыныдағы бес қабатты үйде Абайдың 175 жылдығына арналған мурал пайда болды. Ол - Қазақстанда керамикадан жасалған алғашқы мурал. Арт-туынды ұлы ақынның мол рухани мұрасына көрсетілген құрметтің белгісі ретінде жасалды.
Бұл муралдың да авторы – Болат Әсербеков.
Ал ақынның 180 жылдығына орай былтыр Петропавлдағы Пушкин және Абай көшелерінің қиылысында жаңа мурал пайда болды.
Жергілікті университет ғимаратының қабырғасына салынған суреттің авторлары - «Құрылыс және дизайн» кафедрасының студенттері мен оқытушылары.
Жамбыл Жабаев
Ал 2023 жылы Петропавлдағы Жамбыл Жабаев көшесіндегі көп қабатты үйдің қабырғасында биіктігі 20 метр болатын жыр алыбы Жамбылға арналған керамикалық панно пайда болды. Қала әкімдігінің қаражатына бой көтерген мурал керамикалық тақтайшалардан құрастырылған. Бұл туындының да авторы – Болат Әсербеков. Ол муралды сегіз айдың ішінде салып шықты. Панно 200 шаршы метр аумақты алған.
Мағжан Жұмабаев
Болат Әсербековтың тағы бір туындысы - 2025 жылдың шілде айында Петропавлда ақиық ақын, ағартушысы Мағжан Жұмабаевқа арналып ашылған муралы. Арт-туынды ақынның тарихи-рухани мұрасына тағзым ретінде салынған.
Мағжан Жұмабаевқа арналған муралдың ашылуы 2025 жылдың тамыз айында Петропавлда Қазақстандағы алғашқы цифрлық ғылыми-мәдени орталық «Мағжан орталығының» ашылуымен тұспа-тұс келді.
Александр Винокуров
Петропавлда пайда болған алғашқы ірі муралдардың бірі – велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуровқа арналған. Оны 2017 жылы Санкт-Петербургтен келген суретшілер салды.
Өңір тумасы, атақты спортшының бейнесі бар арт-туынды спорттағы биік жетістіктің, табандылық пен жеңіске деген ұмтылыстың символына айналды.
Дәл осы жоба Петропавлда мурал өнерінің қарқынды дамуына жол ашып, қаладағы заманауи стрит-арт мәдениетінің бастауына айналды.
Өрт сөндірушілерге құрмет
Петропавлдағы ерекше муралдардың бірі - тапсырмаға кетіп, қайтып оралмаған өрт сөндірушілердің құрметіне арналған туынды.
Ол 2021 жылы 19 шағын аудандағы көп қабатты үйлердің бірінің қабырғасында пайда болды. Суретті көкшетаулық суретші-дизайнерлер Алдияр Жәкеев пен Мағжан Айтқожев салып шықты.
Ал идея тастап, жобаның жүзеге асуына азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері мұрындық болған.
Бұған дейін Алматыда Роза Бағланова тұрған үйге мурал салынғанын жазған едік.