Петропавлда Абайға арналған мурал пайда болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Пушкин және Абай көшелерінің қиылысында Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай мурал пайда болды. Композиция Қозыбаев университетінің оқу ғимаратының қабырғасына салынды.

— Абайдың мерейтойын қазақ елі ғана емес, барша адамзат тойлап жатыр. Абай туралы маған дейін де, менен кейін де әлі талай айтылады. Ақын өз өлеңдерінде айтады ғой, бір заманға, бір кезеңге арналмаған. Мурал өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнында ашылып жатыр. Жастарымыздың қасынан өткен сайын көзі түсіп, Абайдың сөздерін еске түсірері анық. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ — осы біздің бойымызда бар ма екен деп, адам өзін өзі тексеріп, сын көзбен қарай білетін болса, сол жолда талаптанып, бес нәрседен қашық боламын, адам боламын деп талаптанса — мақсатқа жеткеніміз, — дейді ашылу салтанатында болған қоғам өкілі Жомарт Омаров.

Қабырғаға Ұлы ақынның суреті салынып, оның жан-жағы әсем ою-өрнектермен безендірілген. Сурет эскиздерін біздің «Құрылыс және дизайн» кафедрасының студенттері мен оқытушылары дайындаған.
— Абайдың муралын жасау бастамасын біздің студенттер көтерді. Университет болашақ дизайнерлерді даярлайды. Бұл муралдың эскизін, тұжырымдамасын осы студенттеріміз оқытушыларының көмегімен жасап шықты. Мурал Абай мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл композиция қала тұрғындарын, соның ішінде жастарды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеп, әділеттілік және парасаттылық қағидаларын ұстануға сеп болады деп ойлаймын, — дейді Қозыбаев университетінің Басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев.

Бұған дейін Павлодарда Абай мұрасының аудиожинағы жарық көргенін жазған едік.