Қала мен ауыл тұрғындарының қанша пайызы таза ауыз сумен қамтылған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қала тұрғындарының — 99,4, ал ауыл халқының 97,8 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілген.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.
— Мемлекет басшысы 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылды сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету тапсырмасын берген болатын. Аталған тапсырманы орындау аясында бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, қаражат ең бірінші тұрғын саны ең көп елді мекендерге бөлінеді.
— Ауыз сумен ең төмен қамтылу деңгейі Абай облысы мен Қостанай облысы ауылдарында байқалады. Биыл бұл жұмысты жалғастыруға бюджеттен 410 жобаға 176 млрд теңге қарастырылған, — деді Бақытжан Жүнісбеков.
Комитет басшысының сөзіне қарағанда, тұрғындар саны аз елді мекендерде бюджет қаржысын тиімді пайдалану үшін су тазалайтын кешенді блок-модульдер орнату көзделген. Дегенмен, 199 ауылдың тұрғындары ұңғымалары мен құдықтары болғандықтан, мұндай қондырғы орнатқызудан бас тартып отыр. Сондықтан да аталған елді мекендерде әкімдіктер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін судан сынама алып отырады.
Бұған дейін Қызылорда облысында 23 ауылда орталықтандырылған ауыз су жоқ болса, Солтүстік Қазақстан облысында 7,4 мың тұрғыны бар 88 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілмегенін жазған едік.