«Қала сала алмаймыз ба, әлде апаттың алдын ала алмаймыз ба?!» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың Страсбургтегі Бүкіләлемдік демократия үшін форумында бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатынан үзінді жарияланды. Мақала «Қазақстанда пікір ашықтығына қысым жоқ» тақырыбымен берілген. Онда Е. Ертісбаев HumanRights Watch-тың В.Козловқа қатысты үкімді пікір айту еркіндігіне берілген соққы деген мәлімдемесімен үзілді-кесілді келіспейтіндігін айтқан. «Козловтың өзі мен басқа да оппозиционерлер ұзақ жылдар бойы Президент жөнінде де, Қазақстанның саяси жүйесі жөнінде де ұдайы өз пікірлерін білдіріп, қатқыл да жағымсыз баға берумен болды. Сол кездері ешкім де оларды қудалаған жоқ, өйткені, біздегі Конституцияның 20-бабы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Бірақ сөйлеу мен сынға алу - бір бөлек те, мемлекеттік билік органдарына шабуыл жасау, әкімдік ғимаратын өртеу, қорытынды нәтижесі көптеген құрбандықтарға алып баратын жаппай тәртіпсіздікке шақыру - бір бөлек. Олар, сонымен бірге, Конституцияның әлеуметтік алауыздықты қоздыруға тыйым салатын 5-бабының талаптарын өрескел бұзды. Бұл барлығы анық көрсетілген нақты қылмыстық бап. Сондықтан, менің көзқарасымша, HumanRights Watch-тың мәлімдемесі барынша біржақты болып шыққан», - дейді ол. Сондай-ақ, Е. Ертісбаев осы іс бойынша АҚШ елшілігінің мәлімдемесіне қатысты да өз пікірін білдірген.
Сонымен қатар, басылымда «Ажары артқан, айбары асқан - Ақмешіт» деген тақырыппен Қызылорда облысына айқара бет арналыпты. Онда Сыр өңірінің мәдени, тарихи, әлеуметтік, экономикалық деректері топтастырылған.
Сондай-ақ, басылымда «Ұлытаудың ұланы» деген тақырыппен Қазақ зиялыларының ірі өкілі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров туралы көлемді мақала жарияланған. Авторы - Ресей тау-кен ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, ҚазҰТУ-дің профессоры Маржан Нұрпейісова. Ал «Өнеге өрнектері» айдарында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Алтын Мұхамедиярованың атасы туралы, яғни Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Хамит Ерғали туралы толғанысы жазылған. Мақала «Ең үлкен университетім газет деп есептеймін» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Жарты әлемнің байлығын жамбасқа басқан әулет» деген тақырыппен шыққан мақалада, автор осыдан 200 жыл бұрын қайтыс болған бүкіл әлемге «Ақша құдайы» ретінде белгілі Майер Амшель Ротшильд және бүгінде төрткүл дүниені қаржысымен уысында ұстап отырған Ротшильдтер әулеті туралы зерттеу жүргізеді. «Қысқасы Ротшильдтер бүгінде Англияның банкін, АҚШ-тың федералды резервтік жүйесін, Еуропаның орталық банкін, Бүкіләлемдік банкті басқаруда» - деп жазады автор Т. Тәшенов.
«АҚШ мамандары «мемлекеттің бюджеттік дефициті 1 триллион долларды құрайды» деген тоқтамға келген. Осы уақытқа дейінгі мемлекеттің берешегі жылдық жалпы ішкі өнімнен өсіп кетіп, 15 триллион долларды құраған АҚШ енді мұны тағы бір триллион долларға өсірмек» деп жазады «Айқын» газеті «Адамзат бір триллион долларға қарызданатын болды» деген мақаласында. Газеттің жазуынша, Грекия, Италия, Испания сияқты мемлекеттер бюджет дефициті орын алған жағдайда қысқартулар жүргізуге мәжбүр болады. Ал АҚШ бюджетінде дефицит болған шақта мұндағы билікті қысқартуға мәжбүрлеуге ешкімнің күші жетпейді. Сондықтан АҚШ мемлекетте орналасқан үш банкнот фабрикасын тоқтаусыз жұмыс жағдайына көшіреді де, бюджетте жетпейтін «көк қағаздарды» басып шығарып, айналымға басы артық ақшаны шығарып жібереді.
***
«Алаш айнасы» газетінің 11 қазан күнгі №181 нөмірінде «Қала сала алмаймыз ба, әлде апаттың алдын ала алмаймыз ба?!» атты мақала жарияланған. Басылым: «Соңғы кездері еліміздегі үлкен қалалардың нөсер жауыннан соң селдің астында қалуы, осының салдарынан үлкен материалдық шығынға ұшырап, тіпті мұндай төтенше жағдайлар соңының адам өлімімен аяқталуы да үйреншікті жағдайға айналды. Жаңбыр суына мынандай қарбалас болып жатыр, теңіздің жағасында тұрып, мұхиттың іргесіне қоныстанбағанымызға шүкір дейсің еріксіз. Өйткені әр жаңбыр жауған соң жиналған жауын суының үйлердің іргетасын үгітіп, қабырғаға жарық түсіруі, үйдің ішіне кіріп, дүние-мүлкін бүлдіріп, тұрмыстық заттарының да істен шығуына әкеліп соғуы халықты жаңбыр жауса аспанға үрейлене қарайтын жағдайға жеткізді»,- деп жаза отырып, бір жыл көлемінде Астана, Алматы, Көкшетау, Жезқазған қалаларында жаңбыр суынан жиналған селдің халыққа тигізген зиянына тоқталады.
Газеттің «Қазақстан аңыздары өз мақсатына жетті» деп аталатын келесі бір мақаласында «Автокөлік жолдарының нашарлығы, ішкі туристік инфрақұрылым мен сервистің мардымсыздығы, жер-су атауларындағы ала-құлалық, ұялы және ғаламдық желінің жоқтығы, жеріміздің аз зерттелуі мен географиялық-туристік әлеуетіміз туралы ақпараттық-насихаттық материалдардың болмауы. «Қазақстан аңыздары» тұңғыш автоэкспедициясы түйген түйткілдер осылай тізбектеліп кете береді. Экспедиция мүшелері жол талғамайтын көліктермен еліміздің аумағын түгел айналып шығып, 10 мың шақырым жүріп өткен болатын. Үлкен саяхат журналистік байыптаулардың негізінде қазақ жерінің туристік мүмкіндігінің қаншалықты екеніне көз жеткізді», - деп жазады басылым.