Калачи ауылы тұрғындарына жүргізілген медициналық тексерулердің нәтижесі жетекші ҒЗИ-ға жолданады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында Ақмола облысындағы Калачи ауылындағы және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылындағы орын алған жағдайлар қаралды.
None
None

Мәжіліске комиссия мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыста атап көрсетілгендей, бүгінгі таңда Калачи және Березовка ауылдары тұрғындарын толық профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстары аяқталды. Барлық тұрғындар әлеуметтік-медициналық жеке паспорттармен қамтамасыз етілді. Экологиялық жағдайға ұдайы мониторинг жүргізу мақсатында Калачи және оған жақын орналасқан елді мекендерде экологиялық блок-бекеттер орнатылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, вице-премьер комиссия жұмысының қорытындысын ағымдағы жылғы 20 қаңтарына қарай ұсынуды тапсырды.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев Калачи ауылы тұрғындарына жүргізілген медициналық тексерулердің нәтижесін тәуелсіз сарапшылық баға беру үшін шетелдік жетекші ғылыми-зерттеу институттарына жолдау керектігін атап өтті. Сонымен қатар, жылжымалы экологиялық лабораторияны пайдалана отырып, Калачи ауылының атмосфералық ауасының тұрақты мониторингін жүргізу қажеттілігі айтылды.

Вице-премьер аталған елді мекендердің мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екенін атап көрсетті, деп хабарлады primeminister.kz.

Соңғы жаңалықтар