Калачи ауылының 17% тұрғындары «ұйқы ауруына» байланысты диспансерлік есепте тұр - ҚР ДСӘДМ
«Калачи ауылы және Красногорск кенті тұрғындарына облыстық және республикалық деңгейдегі мамандармен толық көлемде медициналық қызмет көрсетілді. 2013 жылдың наурыз айынан 2015 жылғы 9 қаңтарға дейін Ақмола облысы Есіл ауданының Калачи ауылында «Этиологиясы белгісіз энцефалопатия» диагнозымен 101 адам тіркелді. 2014 жылдың 20 желтоқсанынан бастап медициналық көмекке 44 адам жүгінді, бүгінгі күні олардың 2-уі аудандық ауруханада тәулік бойы стационарлық ем қабылдауда, 2-уі - дәрігерлік амбулаторияның күндізгі стационарында емделуде», - делінген хабарламада.
2015 жылғы 5 қаңтарда 4 пациент санитарлық авиациямен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жеткізілді.
Науқастарды емдеу үшін қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілген Красногорскідегі дәрігерлік амбулаториясында тұрғындарға медициналық көмек көрсетіледі. Стационарлық көмек Есіл аудандық орталық ауруханасында, қажетінше облыстық клиникаларда көрсетіледі.
«Сырқаттанушылардың сырқат анамнезі бас айналу, жалпы әлсіздік, ұйқышылдық, қимыл қозғалысының бұзылуы сияқты ұқсас шағымдарды көрсетеді. Сырқаттанған пациенттердің жағдайы тамырлық, жалпы денсаулықты нығайту және дезинтоксикациялық терапиядан кейін жақсаруда. Барлық пациенттер қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Пациенттерді динамикалық бақылау кезінде сырқаттан айыққан аурулардың жағдайының нашарлауы байқалмаған», - деп хабарлады ведомстводан.
Бүгінде диспансерлік есепте 93 адам (жалпы халықтың 17%-ы) есепте тұр, олардың 10-ы тереңдете медициналық тексеруден кейін диспансерлік есепке алынды.
Сондай-ақ Калачи ауылындағы сырқаттанған тұрғындардың қанындағы карбоксигемоглобин деңгейіне жүргізілген спектрофотометрлік зерттеу қорытындысы, сырқаттанған топтағы ауруларда токсикалық көміртегі тотығының (ыс газы) әсері жоқ екенін дәлелдейтіні атап өтілген.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Калачи ауылы тұрғындарының орта өмір сүру ұзақтығы 70,5 жас, ол аудан бойынша (64,2) орта өмір сүру ұзақтығынан жоғары. Халықтың 1000 адамға шаққанда жалпы өлім көрсеткіші 8,9 құрайды, ол аудан деңгейінен (11,5) төмен. Жүрек қантамыр жүйесі сырқатынан өлім көрсеткіші бойынша Калачи ауылы аудан деңгейінен төмен, халықтың 100 мың адамға шаққанда 160 адамнан келеді (аудан бойынша 316).
Ведомство Калачи ауылы тұрғындарына медициналық қызмет көрсету бойынша жағдай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің және Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында екеніне сендірді.