«Қаламқас» кен орны маңындағы ұңғымалар тексеріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов кен орындарында «Қаламқастағы» апат қайталанбас үшін қандай шаралар атқарылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тергеу қорытындысы бойынша комиссия бірқатар шараларды қабылдады. Осы орайда мұндай апаттарға жол бермес үшін тиісті шараларды іске асыруға нұсқау берілді. Атап айтқанда, «Қаламқас» кен орнындағы №8237 ұңғымасынан 1 шақырым радиуста барлық ұңғымаларға мониторинг жүргізу ұсынысы жасалды. Яғни экологиялық зерттеу жүргізіледі және басқа да ұңғымаларда осындай апатқа жол бермес үшін тиісті шаралар атқарылады», - деді Н. Мақажанов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол «Қаламқас» кен орнындағы апат бойынша айыпталған «Си Бу» компаниясына қатысты пікір білдірді.
«Бес жылға жуық уақыт «Си Бу» компаниясы мердігер ұйым ретінде қызмет етті. Біздегі ақпаратқа қарағанда, «Си Бу» бұрғылау компаниясы бұрындары осындай апатты жағдайларда байқалмаған», - деді комитет өкілі.
Айта кетейік, бүгін «Қаламқас» кен орнындағы апатты тексерудің нәтижесі жарияланды.
Бұған дейін хабарланғандай, «Қаламқас» кен орнында болған апат салдарынан қоршаған ортаға 98,7 млн теңге көлемінде залал келген. Бұрғылау жұмыстарын жүргізген «Си Бу» ЖШС-не міндеттеме қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, Қаламқас мұнай кен орнында ұңғымадан шыққан газдың жануына байланысты жедел штаб құрылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кен орнындағы жағдайды өз бақылауына алған болатын.
Сонымен қатар, наурыз айының соңына қарай Энергетика министрлігі «Қаламқас» кен орнындағы өрт ошағы сөндірілгенін мәлім етті.