Қалдықтардың қозғалысын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе құрылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қалдықтардың пайда болуынан бастап, қайта өңделуіне немесе арнайы орындарға орналастырылуына дейінгі қозғалысын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді. 

Қалдықтардың қозғалысын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе құрылмақ
Коллаж: Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, бұл жұмыс 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатыр. Құжат Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1201 қаулысымен бекітілген.

Жаңа платформа қалдықтарды бірыңғай жүйеде есепке алуға және олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Қалдықтардың қайда жиналғанын, қалай тасымалданғанын және қайда қайта өңделгенін немесе орналастырылғанын қадағалауға болады.

Сонымен қатар қалдықтардың әр түрін жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және орналастыру тәртібін реттейтін жеке ережелер әзірленеді.

Тұжырымдама аясында қалдықтарға толық түгендеу жүргізу де көзделген. Оның барысында бұрын есепке алынбаған өндірістік, иесіз қалған және өткен кезеңдерден жинақталған қалдықтардың көлемі, құрамы мен орналасқан жері анықталады.

Бұдан бөлек, қайта өңделген шикізатты өндірісте пайдалануды ынталандыру, осы саладағы заңнаманы жетілдіру және қалдық шығарушылардың жауапкершілігін күшейту жоспарланған.

— Жалпы, қалдықтарды басқару саласын дамыту — министрліктің басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, — деді Жомарт Әлиев.

Аталған жұмыстарды үйлестіру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан, «Жасыл Даму» АҚ базасында Қалдықтарды басқару ұлттық орталығы құрылған.

Орталық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын үйлестіріп, тұжырымдамада көзделген шаралардың орындалуын бақылайды.

Бұған дейін қалдықтарды басқаруды цифрландыру және қайта өңдеу жүйесін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған еді. 

Сондай-ақ қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталық құру жоспары туралы жазған едік.