Кәлетаев: Astana - «Тур де Франс» жеңімпазы атануға үміткерлердің бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық велосипед спорты федерациясының президенті Дархан Кәлетаев Astana Pro Team командасы қатысып жатқан «Тур де Франс» көпкүндік жарысының алғашқы тоғыз айналымының нәтижесіне байланысты өз пікірін білдірді. Бұл жайлы федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.
None
None

«Гран-турдың алғашқы кезеңдерінен бастап «астаналықтар» жалпы есептегі тартысты сәтті қадағалай отырып, лайықты көрсеткіштер көрсете білді. Биылғы жылғы «Тур де Франстағы» «Астана» командасының құрамы ерекше: турға қатысу тарихымызда алғаш рет команданың жартысы отандық велошабандоздармен толықты. Олар - Алексей Луценко, Андрей Зейц, Дмитрий Груздев және Бақтияр Қожатаев. Мұндай тәжірибе команданың бірігуіне септігін тигізіп, алдағы уақытта қазақстандық шабандоздар басты рольдерде өнер көрсетеді деп сенеміз. Қазір біз тоғыз шабандоздың әрқайсысы өз жұмысын нәтижелі орындап, жақсы көрсеткішке қол жеткізуге өз үлестерін қосып жатқандығын көріп отырмыз. Мәселен, гран-турларға қатысуда мол тәжірибесі бар Луценко мұндай дәрежедегі үлкен жарыста өзін жақсы сезінеді. Қожатаев та гран-турға екінші мәрте қатысып отыр және өз міндетін тамаша орындап жүр», - деді Д.Кәлетаев.

Оның айтуынша, 5-ші айналымдағы Фабио Арудың жарқын жеңісі - «Астана» командасының қазіргі уақыттағы ең үздік жетістігі.

«Фабио Ару шыдамдылық танытып, мәреге дейін 2,4 шақырым қалғанда тауға өрлей отырып шабуылға шықты, сөйтіп қарсыластарын артта қалдырды. Арудың бұл ерлігі осы кезеңнің және жалпы турдың мерейін асырды. Кешегі 9-шы кезең де көп нәрсені шешті. Қазіргі уақытта Фабио Ару жалпы есепте екінші орынға көтерілді, ал Якоб Фульсанг 5-інші орында. Жалпы айтқанда, «Астананың» көрсеткіші команданың «Тур де Франс» жеңімпазы атануға үміткерлердің бірі екендігін көрсетті», - деді Д.Кәлетаев.

Қазақстандық велосипед спорты федерациясының басшысы сондай-ақ, команданың 8 шілдеде аяқталған «Австрия туры» көпкүндігіне қатысқандығына баға берді.

«Біздің спортшыларымыз «Австрия турының» алғашқы күнінде-ақ жақсы көрсеткіштерге ие болды. Оскар Гатто мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті, ал Мигель Анхель Лопес - екінші. Екінші кезеңде Лопес үшінші орынға ие болды. Осылайша, «Австрия туры» «Астана» командасы үшін Лопестің жалпы есептегі үшінші орнымен аяқталды. Бұл жақсы көрсеткіш. «Астана» маусымның бірінші бөлігіндегі қиындықтарды абыроймен еңсерді деп ойлаймын, қазір команданың екінші тынысы ашылған сияқты», - деп өз ойымен бөлісті Д.Кәлетаев.

1 2 3 

Соңғы жаңалықтар