Калифорниядағы лаңкестік әрекеттен бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Калифорния штатындағы Палм-Спрингс қаласында болған жарылыс ФТБ тарапынан адамдардың өліміне әкелген террористік әрекет ретінде қарастырылып жатыр, деп хабарлайды NBC News.

Биліктің мәліметінше, сенбі күнгі шабуылдың мақсаты American Reproductive Centers емханасы болды, оның тұрағында көлік жарылған.
Шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды. Жарылыстан 250 ярд (шамамен 230 метр) радиуста бірнеше ғимарат пен кәсіпорынға зақым келді.
Күдікті қаза тапты. Оның Туэнтинайн-Палмс қаласының 25 жастағы тұрғыны Гая Эдвард Барткус екені анықталды. Ол жарылғыш затты 2010 жылы шығарылған күміс түсті Ford Fusion көлігінде іске қосқан.
ФТР Калифорниядағы репродуктивті денсаулық емханасындағы жарылысты антинаталистік идеологиямен (ешкімде бала болмауы керек, ал бала туу ғаламшардағы азаптың мөлшерін арттырады — ред.) байланыстырып отыр.
Шабуылдың бұл нұсқасы күдіктінің әлеуметтік желілердегі хабарламаларын, соның ішінде антинаталистік көзқарасты қолдайтын 30 минуттық аудиожазбаны зерттегеннен кейін пайда болды.
Билік күдіктінің шабуылды тікелей трансляциялауға әрекеттенгенін және олар «манифест» деп атайтын нәрсені тергеп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Лас-Вегас спортзалында атыс болып, екі адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.