Қалың қар: Алматыда ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда таңертеңнен жауа бастаған жауынның арты қалың қарға айналды. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша қалаға 7 см қар жауды.
Қалың қардың түсуіне байланысты қалада көлік кептелістері 9,10 балдық көрсеткіштерге жетті. Ол туралы мәлімет 2GIS сервисіне шықты.
Сондай-ақ Алматы жолдарында қар тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Алматы әкімдігінің мәліметінше, қар тазалауға 483 арнайы техника мен 1180 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 176 құм таратқыштың күшімен көктайғаққа қарсы материалдар (КҚМ) себіледі. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 1120 тонна КҚМ пайдаланылды.

«Сағат 12:00-ден бастап жол полициясы көліктерінің бастауымен 11 колоннаның күшімен қарды тазарту жұмысы ұйымдастырылды. Тротуарларды қардан тазартуға 174 шағын габаритті техника жұмылдырылды. Олар тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын және әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіреберістерді қардан тазартып жатыр», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен тазартылып жатыр. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Еске салсақ, Алматы халықаралық əуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты 12 əуе рейсі кешіктірілді.
Алматылық полицейлер ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерді жолда сақ болуға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Сондай-ақ Алматыда 16 ақпан таңертеңнен 17 ақпан түнге дейін жауын жауып, арты қалың қарға ұласатыны, ауа температурасы минус 20 градусқа дейін төмендейтінін хабарлағанбыз.