Қалқанша безінің қатерлі ісігіне әйелдер үш есе жиі шалдығады – онколог
Онколог дәрігер Рашид Алиевтің айтуынша, қалқанша безі қатерлі ісігі басқа онкологиялық ауруларға қарағанда өте сирек кездеседі – барлық қатерлі ісіктердің шамамен 1% ғана құрайды. Бірақ соңғы 10 жылда дәл осы аурумен ауыратындар саны 6% артқан.
«Қалқанша без қатерлі ісігімен ауыратын науқастар санының артуына ерте диагностика жасайтын құралдардың пайда болуы себеп. Ісіктің бұл түрі әдетте, жастар арасында әлдеқайда жиі кездеседі. Мәселен, барлық науқастардың 65% - 55 жасқа дейінгілер, тек 2% - балалар мен жасөспірімдер. Аурудың өзі өзге сырқаттар сияқты агрессивті емес, қатерлі ісік өте баяу өседі және ұзақ уақыт бойы метастаз бермеуі мүмкін. Сонымен қатар онкологиядағы өлім-жітімі небәрі 0,5% - ең төмен түріне жатады», - дейді Рашид Алиев.
Маман жасушалардың қатерлі ісікке айналуына және ДНҚ-ның одан әрі мутациясына әсер ететін негізгі факторларды атап өтті.
«Жас пен жынысқа байланысты, зерттеулер көрсеткендей, әйелдер ер адамдарға қарағанда шамамен 3 есе жиі ауырады. Әйелдердің қауіп-қатер жасы - 45-50 болса, ерлерде 60-70 жас. Бірақ 65 жастан кейін ер адамдар әйелдерді айтарлықтай басып озады.
Йод тапшылығы бар жерлерде адамдар жиі шалдығады.
Жоғары радиация, бірден бірнеше бағытты бөліп көрсетуге болады. Мысалы, бала кезде рентгенге немесе компьютерлік томографияға жиі түскен балалар болашақта жиі зардап шегеді. Ал ересек адамдарда сәуледен зардап шегу қаупі айтарлықтай төмен.
Чернобыль апатынан кейін қалқанша безінің онкологиясы шамамен 10 есе артты. Ал радиацияның әсері айтарлықтай төмен елдерде – Африка, Азия, Оңтүстік Америкада бұл ауру өте сирек кездеседі», - дейді онколог.
Қалқанша безі қатерлі ісігінің пайда болуына күйзеліс те әсер етеді. Ұзаққа созылған стресс депрессияға ұласып, иммунитетті төмендетеді, салдарынан ол «дұрыс емес» жасушалармен күресу қабілетінен айырылады.
«Тұқым қуалаушылық та негізгі фактор. Отбасында қатерлі ісікпен ауырған адамдарда бейімділік байқалады. Ғалымдар тіпті сол гендерді тапты да, ал мутацияланған жасуша балаға құрсақта берілуі мүмкін.
Әрине, жаман әдеттерді де ұмытпаған жөн, темекі шегу ағзадағы канцерогендерді көбейтеді, ал алкоголь біздің иммунитетімізді қайтадан бұзады.
Аурулар да әсер етеді, мәселен әйелдің жыныс мүшелерінің, сүт безінің ауыруы, асқазан-ішек жолындағы полиптер, эндокриндік неоплазия, көп түйінді зоб, қалқанша безінің әртүрлі ісіктері», - дейді Рашид Алиев.
Онкологтың айтуынша, қалқанша безі көбелек тәрізді және теріге жақын орналасқан, бұл оны диагностикалауды едәуір жеңілдетеді, өйткені оны көзбен көріп қана қоймай, қолмен ұстауға болады. Қалқанша бездегі кез-келген өзгерісті дәрігерге көрсету маңызды.
«Мойын іссе, егер 20 жасқа дейінгілерде түйін пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Мезгіл-мезгіл мойында ауырсыну пайда болады, ол құлаққа дейін жетуі мүмкін. Дауыс бұзылып, қарлығуы мүмкін. Жұту қиындайды. Тамақта бөгде зат тұрғандай әсер береді. Қалқанша безімен шектесетін мойында орналасқан лимфа түйіндерінің ұлғаюы, тыныс алудың бұзылуы, мойындағы тамырлардың ұлғаюы – белгілері болуы мүмкін. Аурусыз жиі жөтел - өкпенің метастазына байланысты. Десек те, осы белгілердің біреуі байқалса абыржудың қажеті жоқ, тек дәрігер ғана дұрыс диагнозды қояды», - дейді Рашид Алиев.
Қалқанша бездің қатерлі ісігі пайда болған кезде адамды ұйқы басып, түкке қызығушылығы болмайды. Қол-аяғы жиі-жиі шаншып, шашы түседі, дауысы бұзылады.
«Ауруды ерте кезеңде өзін-өзі диагностикалау арқылы анықтауға болады. Алғашқы белгілерді анықтау қиын емес — мойында ісіну болады, бірақ ол зоб немесе кез келген басқа қатерсіз ісік болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе қатерлі ісікке айналуы ықтимал.
Қалқанша безінің қатерлі ісігін диагностикалау үшін заманауи медициналық ультрадыбыстық зерттеу жиі қолданылады. Ол ісіктің, түйіндердің шекараларын көрсете алады, бірақ ісіктің қатерлі-қатерсіз екенін көрсете алмайды. Дәрігерлер жиектері біркелкі емес және олардың ішінде қан айналымы бар ісіктерге ерекше назар аударады», - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта қалқанша безі қатерлі ісігімен 746 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 25-іне диагноз биыл жаңадан қойылған. Ауырғандардың 687-сі әйел. Онкологияның бұл түрінде өлім-жітім деңгейі төмен болғанымен, былтыр СҚО-да 3 адам қайтыс болса, биыл жыл басталғалы бір адам ауырып көз жұмды.