18:30, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қалмағамбетов Тайжан
Қалмағамбетов Тайжан (1879-1937) – халық ақын, әнші, сазгер.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Ақынның әкесі Қалмағамбет елге сыйлы, Ұлытау төңірегіне беделді болып, молдалық құрған тақуа адам болса, анасы Мейіз қазақтың ұлы сазгері, сыршыл ақын, қайталанбас әнші Үкілі Ыбырайдың туған әпкесі еді. Ол балалық шағында Сарыарқа өңіріне танымал Ақан сері, Біржан сал, Шәрке бала, Сегіз сері, Балуан Шолақ тәрізді әнші-ақындарының репертуарындағы әндерді айта жүріп, өзі де ән шығарды. Ал жеке өз шығармашылығында суырып салма ақындық таланты жарқырай көрінді. Ол 1926 және 1930-1936 жылдары аралығында Арқаның белгілі ақындары Шеген, Болман, Иманжанмен айтысқа түсті. 1934-1936 жылдары халық өнерпаздарының республикалық слеттеріне, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысты. Мәскеуде өткен осы онкүндікте «Үлкен театрда» кеңес үкіметінің сол кездегі көсемдерінің алдында алғашқы ақындар мен әншілер концертін бастау Тайжан Қалмағанбетұлына тиді. Бұл сапардан оралғаннан кейін ол Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы кезеңде ақынның бірнеше шығармасы К.Алтайскийдің аудармасымен «Правда», «Известия» газеттерінде жарияланды.
Жастайынан ән-жырға, шешендік сөзге әуес болып өскен ақынның алғашқы өлеңдерінде ауыл адамдары арасындағы қайшылықтар, оқиғалар жырланады. Ал ақындық атын шығарған өлеңі ? «Сегізден бастап сенделдім» деп аталады. Оның көптеген жырлары бізге жетпеген. Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс ошақтарына және «Октябрь құдіреті», «Дем алдым салқындап», «Мен қайттым Мәскеу барып» сияқты кеңестік өмірге арналған жырлары бар. Сондай-ақ ақынның бірқатар әндерін белгілі этнограф, Қазақстанның халық әртісі А.Затаевич жазып алған. Кейбір шығармалары ақындардың жалпы жинақтарында жарияланған. Ал «Тайжан әні», «Ыбырайға», «Сүйікті Серго» сияқты ән-термелері күйтабаққа жазылған.
1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен ақынның шығармалары 1970 жылдардан бастап қана жинақтала бастады. 1984 жылы «Ой ағысы» деген атпен өлеңдер мен айтыстарының жинағын С.Бүкіров жарыққа шығарды. 2004 жылы Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан К.Салықовтың құрастыруымен Тайжан ақынның «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы жарық көрді. 2005 жылы Жезқазған қаласында ақынға ескерткіш орнатылды.
Сұрасаң менің атым ақын Тайжан,
Ән-жырмен алты алашқа жайған атын
Төгілген сырнайымның сазды үніне,
Қалықтап аспанда аққу айналатын.
Мен емес жабы жортаң, текірегің,
Жеті ордан қатар салса секіремін.
Қиялым өлең-жырдың топан суы,
Қайнары әсем әннің көкірегім ? деп, жырлап өткен ақынның шығармаларын ғылыми тұрғыздан зерттеу, зерделеу бүгінгі күннің еншісінде.
Дереккөзі:
Рахыш Нәшкенқызының «Ұлытауға тағзым» кітабы,
«Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығы