Қалмаққырғандағы «Қаныш үңгірінің» тарихы

Қаныш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодардың Май ауданында «Қалмаққырған» деп аталатын тарихи жер атауы бар. Кезінде Малайсары, Олжабай, Жасыбай, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар батырлардың жоңғарларға ойран салып, қалмақтарды қырып салған XVIII ғасырдағы тарихи мекен бүгінде тарихшылар мен археологтер тарапынан аз зерттелгені былай тұрсын, туристік әлеуеті тұрғысынан да ешкімді қызықтыра алмай отыр.

қаныш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бұл таудың ауқымында шашырай орналасқан Бесқару төбешігі, Қайса ата кесенесі, Сәтен Мақыш бұлағы, Қызқұлаған шыңы, Гауһар биігі (шын есімі – Майсары, Малайсары батырдың қарындасы, Қаракерей Қабанбай батырдың жары), Қаныш үңгірі, Қалмаққырған жазығындағы ескі зират-обалардың қай-қайсысы болсын зерттеуге сұранып тұрған орындар.

Қаныш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
қалмаққырылған
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бәрінен бұрын таудың күнгей жағында орналасқан Әулие үңгірдің (Қаныш үңгірінің) ерекшелігі көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Үңгірді бойлап кіріп көрдік. Ұзындау болғанымен тар, 5-6 метрден кейін еңкейіп жүруге тура келеді. Әрі қарай 14-15 метрден кейін жүру мүмкін болмаған соң кері қайттық. Жергілікті азаматтар үңгір орналасқан шоқпар тастың екінші жағынан тағы бір шағын үңгірді көрсетті. Сөйтсек, үңгірдің құрылысы шоқпар тастың күнгейінен басталып, теріскейдегі екінші жақтан бір-ақ шығатын дәліз сияқты екен. Бір замандарда бел ортасы құлап, жабылып қалған. Сондықтан күнгей жақтағысы ғана әзірге қолжетімді. Сонау алмағайып кезеңде бұл жерді дұшпанынан қашқан азаматтар паналап, қауіп төнгенде екінші жағынан шығып, сытылып отырған деседі.

қаныш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев бұл жерде 1920 жылы болыпты. Жергілікті жұрт соған орай үңгірді «Қаныш үңгірі» деп те атап кетеді. Шоқпар тастың ең биігіне шыққанда айналаның барлығы алақандағыдай көрінеді. Оңтүстік төскейде 60 шақырымдай жерде Баянауылдың Қызылтау, Сарытауы қол бұлғаса, оңтүстік-батысқа қарай Торайғыр таулары сілемденіп жатыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жасақтары осы таулардың биік нүктелеріне от жағып, жаудың келгенін жеткізген екен. Малайсарының қарындасы Майсары жоғарыда айтқан Гауһар биігінен (бір деректерде Қарауыл төбе аталады) айналаны шолып, қауіп көрінсе, ағасына жаушы шаптырып отырған. Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында айтылатындай, Баянауыл мен Қалмаққырған тауларындағы қазақ-жоңғар шайқастары нәтижесінде қазақтар жеңіске жетіп, Сарыарқа даласының тағдыры шешілген.

Қаныш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Қаныш үңгірі» аталуының тарихы да қызық. Қаныш Сәтбаев 1920 жылдары Баянауылда сот болып тұрғанда осы жерге келіп, бір топ қыз-жігіттермен алғаш рет дала қазақтарына «Еңлік - Кебек» пьесасын қояды. Актерлердің ойынын бұған дейін көрмеген жергілікті халық Еңлік пен Кебектің садақ жебесімен атып өлтірілетін жерінде өре түрегеліп, сахнаға басып кіреді. Сөйтіп Еспенбет би (Дайрыбай Шашкин ойнайды) бастаған «қарақшыларды» сабамақ болып тұрғанда бағанадан бері «өліп жатқан» қос ғашық тіріліп кетеді. Мұны көрген жергілікті жылқышы жігіт сол жерде талып қалыпты. Қаныш аға бұл қойылымда Кебектің рөлін сомдаған.

Соңғы жаңалықтар