Қалмұханбет Қасымов Бейжіңде бірқатар әріптестерімен кездесу өткізеді
ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, министр Қасымов Ассамблея жұмысына қатысумен қатар ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі Го Шенкунмен кездесіп, екі елдің арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
«Сонымен қатар Қалмұханбет Қасымовтың Ресей Федерациясы Ішкі істер министрі В.Колоуольцевпен, Тәжікстан Ішкі істер министрі Р.Рахимзодамен, Молдова Ішкі істер министрі А.Жизданмен екіжақты кездесуі жоспарланған. Жүздесулер барысында қылмыспен күрес саласындағы, оның ішінде Интерпол аясындағы өзара іс-қимылдарды одан ары нығайту мәселелері талқыланатын болады», - деді А.Садубаев.
Айта кетерлігі, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы Ассамблеясының 86-шы отырысының ашылуына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Интерпол бас хатшысы Юрген Шток қатысып, сөз сөйлеген. Отырыста Интерполды дамыту келешегі, сонымен қатар мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдарының қылмыскерлерді іздеудегі ынтымақтастығы, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұру, халықаралық терроризм мен киберқылмыспен күрес мәселелері жан-жақты талқыланған.