Қалмұханбет Қасымов колонияларда орын алған бейберекетсіздіктер жайында айтты
«Өздеріңіз де білетіндей, 10 жылдан астам Әділет министрлігінің қарамағында болған қылмыстық атқару жүйесі 2011 жылдың шілдесінде бізге берілді. Сол кезеңде біз пробацияны ойлауға мүмкіншілігіміз де болған жоқ. Колониялардағы, тергеу изоляторларындағы жедел ахуал өте күрделі болды. Сотталушылардың колония қызметкерлерінің заңды талаптарына топтасып бағынбауы, есірткі заттарының, суық қарудың еркін айналымы, өз денелеріне қасақана жарақат салу және басқа да режімді бұзушылық жиі орын алатын. Көптеген мекеменің әкімшілері өздерінде тәртіпті қамтамасыз етуге қауқарсыздық танытты. Колонияларда бақылаушыларға шабуылдау фактілеріне жол беріліп, ауыр қылмыстар жасалды. Маңғыстау колониясынан 21 сотталушының қаруланып қашып кетуін, Балқаш колониясынан 16 сотталушының қаруланып қашуға тырысуын, соңында өздерін жарып жібергенін еске алсақ та жеткілікті», - деді Қ.Қасымов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, колонияларда қылмыскерлердің діни экстремизммен араласуы, сотталушыларды өздерінің қатарына тартуға тырысуы, діни радикализмді уағыздау сынды қауіпті тенденция да байқалған.
«Осыған орай, шұғыл арада ұйымдастыру және тәжірибелік мәселелерді шешу қажет болды. Ең әлсіз буын бақылау қызметі еді. Біз оны жаңадан қайта құрдық десек те болады. Аталған қызмет қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз, көпшілігінің кәсіби деңгейі төмен, басым бөлігі қылмыскерлерден қорқа жүріп жұмыс істейтін. Сондықтан сотталушыларды бақылау қызметі сол кездегі ішкі әскерге берілді. Қазіргі уақытта бақылау қызметі офицерлермен, сержанттармен жасақталып, жалақылары артып, әлеуметтік топтамаға ие болды», - деді ол.
Министрдің дерегінше, барлық дерлік мекемелерді прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен ауқымды іздеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 13 мың кесу құралдары, 11 мың ұялы телефон, 13 мыңнан астам спирттік ішімдік, 130 келі есірткі заттары, үлкен мөлшерде қолма-қол ақша және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленген.
«Осы жылдардың ішінде 22 мекеменің күзет инженерлік-техникалық құралдары жаңартылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі көтерілді. Барлық осынау шаралар кешені бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта біздің мекемелерде сотталушыларды ұстау режімі толықтай тәртіпке келтірілді деп сеніммен айта аламыз», - деді министр.