Қалмұханбет Қасымов төтенше жағдайлардың алдын алуға қаражатты еселеуді ұсынды

Оның айтуынша, бірер күн бұрын ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қатысуымен өңірлердің көктемгі тасқынға дайындық барысы пысықталған.
«Белгілі бір жұмыс атқарылып жатыр, бірақ аймақтар толық дайын деп айтуға болмайды. Бірқатар проблемалар бар», - деді министр.
«Жергілікті органдарда алдын алу шараларын қаржыландырудың тәсілдерін қайта қарау керек. Мәселен, 2010-2016 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алуға 17,9 млрд. теңге бөлінген. Дегенмен республикалық бюджеттен төтенше жағдайдың келтірген салдарларын жою үшін 30 млрд. теңге бөлініпті. Бұл 1,7 есе көп», - деді Қ.Қасымов.
Оның үстіне, министрдің хабарлауынша, Қарағанды облысында 2010 жылдан 2015 жылға дейін жергілікті бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына 225 млн. теңге бөлінген болса, тек 2015 жылы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға Үкімет қорынан 3 млрд. теңге жұмсалды.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда төтенше жағдайлар қорында 100 млн. теңге бар. Ал шұғыл шығындар үшін 223 млн. теңге қарастырылыпты. 2016 жылы бұл облысқа тасқынның салдарларын жоюға республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген.