Қалпе стансасының тұрғындары жоғары білікті медициналық көмек алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ертең, 13 мамыр күні Жетісу облысына қарасты Қалпе стансасының тұрғындары жоғары білікті медициналық көмек алады. Стансаға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Медициналық пойыз Қалпе стансасына ертең таңғы сағат 08:41-де келіп тоқтайды. Ал 15 мамыр күні сағат 05:30-да қайта жолға шығады.

Медициналық пойыздың бағдары медициналық кабинеттері жоқ өңірлерді қамтиды.

Яғни, биыл шалғай стансалардың тұрғындары тегін тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан ем алады.

Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.

Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 26 сәуір күні «Алматы-2» теміржол вокзалынан жолға шықты.

Пойыздың іші емханадағыдай жабдықталған. Кез келген медицина мекемесіне келген адам алдымен тіркеу бөліміне барады.

Мұнда да дәл солай. Терапевт, хирург, кардиолог, лор, педиатр сияқты қажетті мамандардың жеке кабинеті бар.

Тіпті, арнайы зертхана да қарастырылған. Зерттеу нәтижесі 15 минуттың ішінде дайын болады.

Дәрігерлер 6 желтоқсанға дейін облыс, аудан орталықтарынан шалғай жерде орналасқан 120 стансаға барады.

Болжам байынша 75 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі. Медициналық пойызда 35 білікті маман бар.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.

Айта кетерлігі, медициналық пойыздың бұл жолғы қозғалыс кестесі де азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде шалғайдағы стансаларда медициналық пунктілердің жоқтығы ескеріле отырып жасалған.


Соңғы жаңалықтар