Қалжыр өзенін ластап жатыр: ШҚО-да алтын қазушыларға қатысты тексеріс басталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы алтын қазушыларға қатысты тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.

«Қалжыр өзенін ластап жатыр»: ШҚО-дағы алтын қазушыларға қатысты тексеріс басталды
Фото: Видеодан скрин

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Марқакөл ауданында түсірілген видео тарады. Онда алтын қазушылардың Қалжыр өзенін ластап жатқаны айтылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, осы мәселеге қатысты тексеру жүргізіледі. 

— Марқакөл ауданында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты бар 6 компания жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар алтын өндіруге лицензия алған 10 жеке қазушы бар. Қазір экология, өнеркәсіп министрліктері, облыс әкімдігі, Бас прокуратура және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінен арнайы комиссия құрылды. 1 тамызда аталған аумаққа жоспардан тыс тексеру басталды. Табиғатты ластау немесе заңсыз өндіру деректері анықталған жағдайда, кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанға экологиялық қауіпті шиналар заңсыз тасымалданғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар