Қамаудан шыққандар туберкулезден емделу шараларын жалғастырмайды - ІІМ
Бұл туралы бүгін Астанада басталған конференцияда ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев мәлім етті.
Оның хабарлауынша, осы уақытқа дейін қамау абақтысында туберкулезбен ауырып, ем-домын аяғына дейін алмағандардың 60 пайызы бостандыққа шықаннан кейін жергілікті жерде тіркеуге тұрады. «Біз ондай азаматтардың толық тізімін Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіп отырамыз. Алайда олар еркін адамдар болғаннан кейін тұрғылықты жерлеріне көп бара қоймайды. Біз үшін бұл - басты әрі маңызды проблема. Себебі осы топтағы азаматтар туберкулез дертін қоғам арасында таратып, халықтың денсаулығына қауіп төндіріп жүр», - дейді Ж.Кешубаев.
Комитет төрағасының орынбасары атап көрсеткендей, бүгінгі таңда туберкулез ауруын емдеу саласында қалыптасқан проблемалардың бірі - аталған дерттің дәрі-дәрмекке берілмеуі. «Былайша айтқанда, туберкулездің жаңа формалары пайда болып, дәрінің ырқына жығылмай жатады», - дейді Ж.Кешубаев.