Қамбар-Ата ГЭС-1: үшжақты келіссөз басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкекте Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы делегациялары арасында келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті. Тараптар Қамбар-Ата-1 гидроэлектр станциясын (ГЭС-1) салу жобасын іске асыру туралы Үкіметаралық келісім жобасын талқылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.  

Қамбар-Ата-1 ГЭС: үшжақты келіссөз басталды
Фото: Қырғызстанның энергетика министрлігі

Қамбар-Ата-1 ГЭС жобасы энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар өңірлік бастама болып табылады. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған және Қырғыз Республикасының аумағындағы Нарын өзенінде белгіленген қуаты 1880 МВт болатын гидроэлектр станциясын салуды көздейді.

Қамбар-Ата-1 ГЭС: үшжақты келіссөз басталды
Фото: Энергетика министрлігі

Келіссөздер Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың, Қырғыз Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Алтынбек Рысбековтің және Өзбекстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Умид Мамадаминовтың тең төрағалығымен өтті.

— Делегациялар құрамына үш елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен бейінді ұйымдарының өкілдері кірді. Дүниежүзілік банк өкілдерінің бақылаушы ретінде қатысуы бұл ұйымның жобаның негізгі халықаралық қаржылық серіктесі ретіндегі маңызды рөлін растайды, — делінген хабарламада.

Қамбар-Ата-1 ГЭС: үшжақты келіссөз басталды
Фото: Энергетика министрлігі

 

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Үкіметаралық келісім жобасының ережелерін келісу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін қуаттады. Келіссөздердің келесі кезеңі 2026 жылдың сәуір айында Ташкент қаласында өтеді деп жоспарланған.

Бұған дейін Еуроодақ Қырғызстанға «Қамбар-Ата-1 су электр станциясының» құрылысына 1 млрд доллар бөлетінін жаздық.

Соңғы жаңалықтар