Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекаралық қақтығыстарда 96 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекаралық қақтығыстарда қаза тапқандардың жалпы саны 96 адамға жетті, деп хабарлады ресми дереккөздер. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.
Камбоджаның мемлекеттік ақпарат агенттігі Agence Kampuchea Presse (AKP) елдің Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, сәрсенбі күні таңертең Таиланд армиясы Бантеаймеанчей провинциясындағы ауылға артиллериялық соққы жасады деп хабарлады. Шабуыл салдарынан бір бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Сонымен қатар Камбоджа Ішкі істер министрлігі 7 желтоқсаннан бері қақтығыстардан қаза тапқандар саны 31 адамға жеткенін, ал ішкі аймақтан көшіп кеткен азаматтар саны 610 мың адамға жеткенін мәлімдеді.
«Nation Thailand» газеті Таиланд армиясына сілтеме жасап хабарлағандай, Камбоджа тарапынан Са-Кэу провинциясындағы бірнеше ауылға шамамен 40 реактивті БМ-21 снаряды атылған. Шабуыл салдарынан азаматтық инфрақұрылым зақымданып, үш тұрғын үй қираған.
Таиланд билігі қақтығыстар барысында 42 бейбіт тұрғын мен 23 әскери қызметкер қаза тапқанын, шамамен 400 мың адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын айтты.
Бұған дейін Таиланд пен Камбоджа ортақ 817 км шекараның оңтүстік бөлігінде орналасқан шекаралық пункттердің бірінде әскери келіссөздер бастаған. Жиын үш күнге созылып, келіссөздер арқылы келісімге қол жеткізуге мүмкіндік туғызуы мүмкін деп хабарланды.
Еске сала кетсек, Таиланд пен Камбоджа 24 желтоқсанда бітімге қатысты келіссөз өткізетінін хабарладық.