Камбоджа мен Таиланд шекара мәселесін келесі аптада Малайзияда талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — Камбоджа Таиландтың келесі аптада Малайзияда шекара мәселесіне қатысты келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын құптады, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл туралы жұма күні Камбоджа Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, мемлекеттік хатшының орынбасары Мали Сочхеат мәлімдеді.
— Осы мүмкіндікті пайдаланып, Таиландтың Куала-Лумпурда Бас шекара комитетінің отырысын өткізу жөніндегі ұсынысын Камбоджа құптайтынын растағым келеді, — деді ол.
Сочхеат алдағы кездесу конструктивті өтіп, нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Оның айтуынша, отырысқа Камбоджа қорғаныс министрі Тиа Сейха мен Таиланд қорғаныс министрінің орынбасары Наттапхон Накпханит қатысады.
Бұған дейін, бейсенбі күні Таиланд Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде Наттапхон Накпханиттің Камбоджаның арнайы Бас шекара комитетінің отырысын өткізу туралы ұсынысына ресми түрде жауап бергенін хабарлады. Ол кездесуге қатысу мүмкіндігін құптап, шекарадағы шиеленісті бейбіт және конструктивті жолмен реттеуге бейілді екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 24 шілдеде Камбоджа мен Таиланд әскерилері даулы шекара аумағында қарулы қақтығысқа түскен еді. 28 шілдеде тараптар оқ атуды тоқтату туралы келісімге келіп, ол сол күні түнгі сағат 00:00–де күшіне енді.