Кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету 40 пайызға төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету 40 пайызға төмендеді

«Кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін біздің тарапымыздан мақсатты шаралар қабылдануда. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 41 пайызға қысқарды, кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық зорлаумен байланысты қылмыстар 15 пайызға, оның ішінде зорлық-зомбылық 40 пайызға кеміді», - деді министр.

Оның айтуынша, бұл қылмыстардың барлығы министрліктің бақылауында тұр. «Ал ағымдағы жылы бұл санаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдататын бір қатар заңнамалық шаралар қабылданды», - деді Қ.Қасымов.