Камерунда Пол Бияның қайта сайлануы жаппай наразылық тудырды
АСТАНА. KAZINFORM — Камерунда 12 қазанда өткен президенттік сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Пол Бияның жеңіске жеткенін Конституциялық кеңестің жариялауынан кейін елде жаппай наразылық басталды, деп хабарлайды ТАСС.
Оппозиция ұйымдастырған шерулер елдің бірнеше қаласында жүріп жатыр. Наразы топ сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартқан.
Дуала қаласында полиция демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды. Шеруге шыққандардың негізгі орталығына айналған Нью-Белл ауданы қоршауға алынып, кіреберіс пен шығаберістерге блок-бекеттер орнатылған. БАҚ мәліметінше, 26 қазанда Дуаладағы үкіметке қарсы акция кезінде төрт адам қаза тапқан.
Елдің солтүстігіндегі Гаруа қаласында да жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр. Бұл қала оппозицияның негізгі тірегіне айналған.
Конституциялық кеңестің соңғы деректеріне сәйкес, 1982 жылдан бері билікте отырған 92 жастағы Пол Бия сайлауда 53,66% дауыс жинап, сегізінші мерзімге қайта сайланды. Ал оның қарсыласы Бакари Исса Чирома 35,2% дауыс алған.
Чирома өз кезегінде сайлауда шамамен 60% дауыс жинап жеңіске жеткенін мәлімдеп, өзге нәтижелерді мойындамайтынын және Конституциялық кеңес оны жеңімпаз деп танымаған жағдайда жаппай наразылық ұйымдастыратынын ескерткен. BBC дерегінше, саясаткер қазір Гаруа қаласында жүр.
Айта кетсек, Пол Бия 1982 жылдан бері билікте және қазіргі таңда әлемдегі ең ұзақ уақыт қызмет атқарып отырған мемлекет басшыларының бірі. 2019 жылдың 25 шілдесінен бастап ол Тунис президенті Беджи Каид Эс-Себсидің қайтыс болуынан кейін әлемдегі ең жасы үлкен қызметтегі президент атанды. Ал 2022 жылдың 8 қыркүйегінен кейін, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II дүниеден озған соң, әлемдегі ең егде жастағы билеуші мемлекет басшысы болып отыр.