Камиль Куруглиев еркін күрестен әлем чемпионатында күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық еркін күрес шебері Камиль Куруглиев (92 келі) Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Отандасымыз шешуші белдесуде өзбекстандық Шерзод Поеновпен шеберлік байқасты.Тартысты өткен белдесуде қазақстандық балуан қарсыласына 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетсек, ел құрамасының қоржынында қазір бес медаль бар. Қазірге дейін Едіге Қасымбек (125 келі) алтын иеленсе, Нұрданат Айтанов (57 келі), Досжан Құл-Ғайып (74 келіге дейін) және Самир Дурсунов (97 келі) әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
17-24 тамыз аралығында өтетін беделді бәсекеде қазақстандық балуандар әйелдер күресінен, грек-рим және еркін күрестен ел намысын қорғайды. Алдымен еркін күрес шеберлері боз кілемге шықса, одан кейін әйелдер күресінен жүлделер сарапқа салынады.
Әлем чемпионатын грек-рим күресінің балуандары түйіндейді.
Дүниежүзілік дода 1969 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін қазақстандық балуандар 10 алтын, 27 күміс, 39 қола медаль алды.
Былтыр Испанияның Понтеведре қаласында өткен әлем чемпионатында ел құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлдемен медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.