Қамыс өртімен күрес: Атырауда 300 гектар жер әлі де от құшағында
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта шамамен 300 гектар аумақтағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Атырау облысында «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында шамамен 600 гектар жерді қамтыған қамыс өртенді. Өрт Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде тіркелді.
— ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» әуе техникасы оқиға орнына тартылды. Су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы өрт ошақтарына 9 мәрте су шашып, жалпы 27 тонна су төкті, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Тілсіз жаумен күреске Атырау облысы ТЖД мен «Ақ Жайық» резерватының қызметкерлері жұмылдырылды — барлығы 82 адам және 17 техника. Сондай-ақ оқиға орнында байланыс пен үйлестіруді қамтамасыз ету үшін командалық-штабтық автокөлік орналастырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басқанын жазған едік.
Сондай-ақ, жергілікті төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті.
Бұған дейін қамыс өртіне тікұшақпен 12 тонна су төгілгені белгілі болды.