Қамыс өртіне, ауа ластануына зауыттың қатысы жоқ – АМӨЗ
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қамыс өртіне, ауа ластануына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Кәсіпорын 13–19 маусым аралығында апаттық өшу немесе өндірістік ақау болмағанын да атап өтті.
- «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 13–16 маусым күндері қалада оңтүстік-батыс бағыттағы жел басым болды. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылдың 13 маусымы күні сағат 13:50-де Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қамыс өрті тіркелген. 16 маусымға қараған түннен бастап желдің бағыты солтүстік және солтүстік-батысқа, яғни қаладан зауытқа қарай ауысты. Атап өткен жөн, зауыт бұл кезде де штатты режимде жұмыс істеді. Өндірістік процесте қандай да бір апат тіркелмеді. Яғни, 13–19 маусым аралығында зауыт өз қызметін белгіленген нормативтерге сәйкес жүргізгендігіне назарларыңызды аударамыз. Қоршаған ортаға ластаушы заттарды шығару және газдарды алау жүйесіне жіберу фактілері болған жоқ. Әлеуметтік желілер мен жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында таралған «АМӨЗ» ЖШС-нің қамыс өртіне сонымен қатар, ауа ластануына қатысы бар» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. БАҚ өкілдері мен жұртшылықты тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Қазір кәсіпорынның жұмысында іркіліс жоқ. Өндіріс тұрақты режимде жұмыс істеп тұр, - делінген «АМӨЗ» ЖШС хабарламасында.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін айтты.
Ал кеше Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі бықсып жатқанын жазған болатынбыз.
Атырауда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті 10 күннен бері сөнбей тұр.