Қамқорлықсыз қалған балалар стационарларға уақытша орналастырылады - ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM –Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына өзгерістер енгізілді.

больница
Фото: СЦК

Министрлік бекіткен түзетулерге сәйкес, енді стационарлар құрамындағы балалар бөлімшелері мен көпбейінді балалар стационарларында емделіп жатқан балалар үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.

Атап айтқанда, мұндай медициналық ұйымдарда балалар үшін ойын ойнауға және тынығуға арналған орта қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар мектеп жасындағы балалардың ұзақ мерзімді емделуі барысында үздіксіз білім алуына мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ бұйрықта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты қосымша шаралар да қарастырылған.

– Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардан аталған санаттағы балалар туралы мәліметтер түскен жағдайда, олар анықталған жері бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына үш тәулікке дейінгі мерзімге орналастырылуы қамтамасыз етіледі, – делінген ресми хабарламада.

Бұйрық 2025 жылғы 7 қазаннан бастап заңды күшіне енеді.

Бұған дейін 2024 жылы еліміздің стационарларында 3,4 млн-нан астам пациент емделгенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар