Канада премьер-министрі сегіз жылда алғаш рет Қытайға барады
АСТАНА. KAZINFORM — Канада премьер-министрі Марк Карни 14-17 қаңтар аралығында Қытайға ресми сапармен барады. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен брифингте Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин хабарлады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Министрлік алдағы сапар Канада үкіметі басшысының сегіз жыл ішінде Қытайға алғашқы сапары болатынын және екіжақты қарым-қатынас үшін маңызды екенін хабарлады.
Дипломаттың айтуынша, өткен жылдан бері Бейжің мен Оттава арасындағы қарым-қатынаста оң динамика байқалып келеді. Байланыстарды қалпына келтірудің негізі екі көшбасшының Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласында өткен кездесуінде қаланды, онда тараптар әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты қалпына келтіру туралы келісті.
Алдағы сапардың орталық оқиғасы саммит болады.
— Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен премьер-министр Марк Карнидің кездесуі Қытай-Канада қарым-қатынасын нығайту және дамыту бойынша жаңа стратегиялық бағыттарды белгілеуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Мао Нин.
Ресми сапар бағдарламасына Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цянмен және Қытай Халық Өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лецзимен келіссөздер де кіреді. Екі тарап екіжақты мәселелер мен өзара қызығушылық тудыратын тақырыптар бойынша терең пікір алмасуды көздеп отыр.
Қытай Сыртқы істер министрлігі Бейжің алдағы сапарды саяси сенімді нығайту және практикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Қытай тарапы бар келіспеушіліктер бойынша сындарлы диалогты және екіжақты қарым-қатынастардағы оң серпінді нығайтуды асыға күтеді.
Бұған дейін Қытайдың канадалық тауарларға қосымша баж салығын енгізетіні туралы хабарлаған болатынбыз.