Канадада орман өрттері Хорватия аумағындай жерді күлге айналдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Канадада биыл 5,5 миллион гектардан астам орман өртеніп кеткен — бұл шамамен Хорватия мемлекетінің аумағына тең, деп жазады Deutsche Welle.

Елдің Табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ел аумағында шамамен 3000 орман өрті тіркелген, оның ішінде 560-қа жуығы әлі де жалғасып жатыр.
Елдің батыс өңірлерінде қауіпсіздік мақсатында мыңдаған адам эвакуацияланды. Канаданың астанасы Оттава халықаралық көмек сұрады. Қазіргі уақытта ел аумағында АҚШ, Жаңа Зеландия, Аустралия, Коста-Рика және Мексикадан келген 533 өрт сөндіруші жұмыс істеп жатыр.
Ауқымды өрттерге елдегі жаз мезгіліндегі қуаңшылық пен жоғары температура себеп болып отыр. Соңғы жылдары Канададағы климаттың жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Соның салдарынан қыс мезгілі қысқарған, қар аз түсетін болған және жаз ерте басталады — бұл өз кезегінде орман өрттерінің жиілеуіне ықпал етеді.
Бұдан бұрын Еуропадағы орман өрттері Люксембургтің көлеміндей аумақты шарпығанын жазғанбыз.