Канаданы өрт шарпыды, ондаған мың адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Канадада, әсіресе Саскачеван, Манитоба және Онтарио провинцияларында өрт саны мен жалынның шарпуы күрт өсті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Канаданың орман өрттері агентаралық орталығының мәліметінше, елде 200-ден астам өрт болып жатыр, оның жартысынан көбі бақылаудан тыс қалған.
Өрт шарпыған жалпы аумақ 1,5 млн гектардан асады, эвакуацияланғандар саны 32 мыңнан адамнан асты. Ауқымды өрттердің негізгі себебі құрғақ ауа райы мен климаттың өзгеруіне байланысты жоғары температура болды. Канадалық орман өртінен шыққан түтін ұзақ қашықтыққа таралып, АҚШ пен Еуропадағы ауаның сапасын нашарлатты.
Соңғы апталарда спутниктік деректер Канададағы орман өртінен шыққан түтіннің Атлант мұхитынан өтіп, Еуропаға жеткенін растады. Алғашқы түтін Жерорта теңізіне мамырдың ортасында жетті, Грекия мен Шығыс Жерорта теңізінде де анықталды.
Үлкен шлейф мамырдың аяғында пайда болып, 1 маусымда солтүстік-батыс Еуропаға жетті, алдағы күндері түтіннің одан әрі таралуы болжанып отыр.
Болжам бойынша, бұл шлейфтер негізінен жоғары биіктікте пайда болып, жер бетіндегі ауаның сапасына айтарлықтай әсер етуі екіталай болғанымен, сонда да тұманды аспан тудыруы мүмкін.
Бұған дейін Түркияда қатты су тасқыны салдарынан бір адам жоғалғанын жазған болатынбыз.