10:08, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Канаданың Райерсон университетінің Роджер байланыс орталығының директоры доктор Майкл Мерфи Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде болды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Райерсон университетінің Роджер байланыс орталығының бас директоры (Канада, Торонто қаласы) доктор Майкл Дж. Мерфимен кездесу болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Доктор Мерфи "Телевизия мен радионың мәдениетке әсері" және "АҚШ пен Канаданың спутниктік радиосы: мәдени тәуелсіздікке ықпалы" деген тақырыптарда дәріс оқып, студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берді. Northern Telecom (Nortel) - сандық жүйесін, мультиплекс, мобильді телефон және интегралды сандық қызмет желісі стратегиясын жүзеге асырушы профессордың дәрісі оқытушылар мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Кездесу соңында ЕҰУ журналистика кафедрасының меңгерушісі Қайрат Сақ профессор Мерфидің Райерсон университетімен әріптестік байланыс орнату туралы ұсынысын қолдады.
Профессор Мерфи Канадада сандық аудио және бейне техниканың негіздері және коммуникациялық байланыс технологиялары курсы бойынша дәріс оқиды. Роджер байланыс орталығы "Канаданың сандық мәдениет орталығы" немесе радио, телевизия, журналистика және компьютер ғылымдары орталығы ретінде танымал. Оның қызметкерлері жаңа БАҚ-тарды зерттеуде белсенділік танытып келеді.