Қанат Бозымбаев 12 адам опат болған өрт жайында: қылмыстық құрам жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрттің қылмыстық құрамы жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

Үкімет
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранды, шатыр ішінара құлады. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөндірілді. Өкінішке орай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы - балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, - деді ол.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

- Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім, - деді Қанат Бозымбаев Үкімет басшысына.

Кеше таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар