Қанат Бозымбаев Абай облысының су тасқынына дайындығын тексерді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Өңір әкімі Берік Уәлимен, Төтенше жағдайлар және Су ресурстары және ирригация министрліктерінің басшылығымен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізілді. 

Қанат Бозымбаев Абай облысының су тасқынына дайындық барысын тексерді
Фото: primeminister.kz

Өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, қорғаныш бөгеттері мен су өткізу нысандары, су басу қаупі бар елді мекендер, сондай-ақ қар жамылғысының жағдайы тексерілді.

Вице-премьер Семей қаласына, Жарма, Абай, Бородулиха және Аягөз аудандарына әуеден шолу жасады. Сондай-ақ Аягөз қаласы мен Шар су қоймасына барып, аудан әкімдерімен кездесті, су тасу кезеңіне дайындық туралы есептерді тыңдап, бірқатар тапсырма берді. 

Облыс аумағында 64 елді мекен қауіп аймағында орналасқан: оның үшеуінде су басу қаупі толық жойылған, 22-сінде тәуекел төмендетілген, 39-ында қатер сақталып отыр.

су тасқынына дайындық барысы
Фото: primeminister.kz

Су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде инженерлік іс-шаралар кешені жүзеге асырылды: шамамен 42 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды және нығайтылды, 7 шақырымнан астам өзен арналары және 4 шақырым дренаждық әрі су бұру жүйелері тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық және қаржылық резервтер қалыптастыруда. 275 мың текше метр қар шығарылды, өзендердегі мұзды жару жұмыстары жалғасуда.

Азаматтық қорғау жүйесінің күштері жоғары дайындық режиміне көшірілді. 1 436 адам және 543 техника бірлігі жұмылдырылды.

– Жалпы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алайда әуеден шолу нәтижелері ауа температурасының күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі жағдайында жекелеген учаскелерде ахуалдың күрделену қаупі сақталып отырғанын көрсетті. Осыған байланысты өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын уақытылы тазалауға, техника, сорғы жабдықтары және авариялық бригадалардың дайындығына ерекше назар аудару қажет. Гидрометеорологиялық жағдай өзгерген кезде әрекет ету жедел болуы тиіс. Жұмыс алдын алу қағидаты бойынша жүргізілуі тиіс, - деді вице-премьер.

су тасқынына дайындық барысы
Фото: primeminister.kz

Облыс әкімдігіне су тасқыны қаупі бар учаскелерде тәулік бойы мониторинг ұйымдастыру, елді мекендерден қар шығару жұмыстарын жеделдету, гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныс бөгеттеріне қосымша тексеру жүргізу, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының толық дайындығын қамтамасыз ету, эвакуация жоспарларын өзектендіру, уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын тексеру және халықты уақтылы ақпараттандыру тапсырылды.

Белгіленген мерзімде аталған тапсырмалардың орындалуы туралы Үкіметке нақты нәтижелермен жиынтық ақпарат ұсынылуы қажет.

Бұған дейін Қанат Бозымбаевтың ЭКСЖ бойынша артта қалған жобаларды жеделдетуді талап еткенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум