Қанат Бозымбаев Қырғызстан мен Өзбекстанда су жеткізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM – 28 шілде күні Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Қырғызстанға барып, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиевпен және салалық ведомстволар басшыларымен келіссөздер жүргізді.

Үкімет
Фото: Үкімет

Тараптар Нарын каскады, Талас бассейні, сондай-ақ Киров және Орто-Токой су қоймаларының тамыз айындағы жұмыс тәртібін талқылады. Кездесу нәтижесінде бұрын бекітілген келісімдер аясында қуаңшылық пен судың аз келуі салдарынан жетпей қалған су көлемін қосымша жеткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

29 шілде күні Қанат Бозымбаев Ташкент қаласында Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен және су-энергетика саласының басшыларымен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында су беру кестесінен қалып қойған жағдайды екі апта ішінде қалпына келтіру бойынша нақты шаралар келісілді.

Осылайша Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында вегетация кезеңінің аяқталуы толық көлемде қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе Үкімет пен өңірлік биліктің тұрақты бақылауында тұр.

Айта кетейік, Қазақстан оңтүстік өңірлердің су тапшылығын шешу бағытында көрші елдермен келісімге келгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар