Қанат Бозымбаев: Париж келісіміне қатысты АҚШ көзқарасына баға бермейміз

Тілшілер биылғы маусым айында АҚШ Президенті Дональд Трамп өз елінің климат жөніндегі Париж келісімінен шығатындығын жариялағанын айта келе, осы орайда «бұл мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанамы қандай?» деген сауалды қойды.
«Үлкен мемлекеттердің іс-қимылына баға беру біздің құзыретке кірмейді, қандай да бір келісімдерге кіру немесе шығу - бұл олардың дербес құқығы. Өз кезегінде Қазақстан Париж келісімі аясында өз міндеттемелерін ұстанады, сондай-ақ оны жүзеге асырудың қажетті тетіктері елімізде әзірленген. Сондықтан «Жасыл көпір» парниктік газдардың шығарындысын төмендетуге қол жеткізуге ықпал ететін қадамдардың бірі. Осы орайда, 2030 жылға қарай мақсат-міндетті орындауға мүмкіндіктер бар»,-деді Бозымбаев.
Осы орайда министр Париж келісімі аясындағы шаралар Қазақстан үшін маңызды екенін, оның ішінде мемлекеттің халқы мен экология үшін қажетті болып отырғанын қадап айтты.
«Атап айтқанда, біз өз міндеттемелерімізді орындауға мән беретін боламыз»,-деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, биыл маусым айында Астанада өткен XIV Еуразия медиа форумында Нобель сыйлығының лауреаты (Үндістан) Раджендра Пачаури климаттың өзгеруіне қатысты АҚШ Президенті Дональд Трамптың айтқан пікіріне сын білдірген болатын.