Қанат Ислам: Қазақстан - бокс әлемінде мойындалған держава

«Мен үшін, жалпы «Астана арландары» клубының барлық жанкүйерлері үшін кубалықтардан басым түсу өте қуанышты әрі айтулы оқиға саналады. Бостандық аралдары өкілдеріне 2-5 есебімен есе жібере тұрып, біздің жігіттер қолдарын төмен түсірген жоқ және кездесуді жеңіспен аяқтай алды. Нұрлан Ақүрпеков бастаған бапкерлер штабы спортшылармен жақсы жұмыс істеп, өз шәкірттерін психологиялық тұрғыда жігерлендіре алды. Өз атымнан және Qazaq promoutions промоутерлік компаниясы атынан барша Қазақстан халқын шын мәнінде тамаша жеңіспен құттықтаймын», - деді кәсіби бокс әлемінде «Қазақ» лақап атымен танылған былғары қолғап шебері.
Қанат Исламның айтуынша, бұл жеңіс Қазақстанның бокс әлемінде мойындалған держава екендігін кезекті мәрте қуаттай түседі. Әсіресе, Олжас Балниязовтың есеп тең болып тұрған сәтте шешуші айқасқа шығып, азулы кубалық қарсыласы Фрэнк Залдиварды қапы қалдыруын айрықша атап өту қажет.
«Әрбір боксшы жылы сөздерге лайықты деңгейде өнер көрсетті. Дегенмен, барлық жауапкершілік жүгі мойнына артылған Олжас Байниязовқа оңай түскен жоқ. Бірақ, ол өз шеберлігін, ерік-жігерін таныта отырып, қажетті нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандықтар өте мықты былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жекте жеңіске жетіп отырғанын есте сақтау қажет. Өйткені, кубалықтардың сапында Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттарының, сонымен қатар басқа да айтулы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары әрі жүлдегерлері болды», - деді Қанат Ислам.
Сонымен қатар ол боксшыларымыздың кубалықтарға қарсы матчта жеңіске жетуге деген құлшыныстары зор болғандығын атап өтті.
«Тіпті бокс ауылынан алыс адамдардың өздері де біздің боксшыларымыздың жеңіске жету жолындағы ең жоғары ерік-жігеріне тәнті болды», - деді ол.
Естеріңізге салсақ, Қанат Ислам бір кездері «Астана арландары» командасының капитаны болған да еді. Бүгінде кәсіби бокста жүрген ол WBA Inter-Continental, WBO NABO (WBO Inter-Continental: WBA Fedelatin және 1-ші орта салмақ санатында WBA Fedecaribe) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие. Ол соңғы жекпе-жегінде мекискалық боксшы Норбертто Гонсалеске қарсы шығып, жеңіске жеткен болатын.