Қанат Ислам Тәуелсіздік күнін қалай мерекелейтінін айтты
«Біздің бүгінгі жеңісіміз бен жетістігіміз осы Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіз еліміз болмаса, біздің ерлігіміз бен табысымыз кімге керек? Мемлекетіміздің бүгінгі береке-бірлігі жарасқан осы мамыражай күндері ұзағынан болсын деп тілейік. Тәуелсіздік мерекесі - патриоттық мереке», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, «Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін алар орны қашан да бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл - біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз», - деді Қанат Ислам. «Менің отбасымда Тәуелсіздік күні үлкен той болады. Жақсылап туыс-туған, ағайын-достар жиналып, үлкен дастархан жасап, арнайы атап өтеміз», - деді боксшы. Сондай-ақ, Қанат Ислам талай ұлт пен ұлыстың ортақ мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ екенін айта келіп, ҚазАқпарат ұжымына да табыстар тіледі. «Сіздер де Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, жазарларыңыз мол, оқырмандарыңыз көп болсын. Барлық отандастарымызға қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр сыйласын» деп атап өтті.