Қанат Шарлапаев тағы бір лауазымға тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі атанды.

Қанат Шарлапаев
Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ

— «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ (KASE тикері — SKKZ) жалғыз акционерінің 2025 жылдың 12 сәуірдегі шешімімен Қанат Шарлапаев қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды, — делінген хабарламада. 

Осылайша енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ директорлар кеңесінің құрамы жеті адамнан тұрады. Олар: 

— Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы;
— Бектенов Олжас Абайұлы;
— Жәмішев Болат Бидахметұлы;
— Лука Сутера;
— Вонг Хэн Файн;
— Мұхаммед Жәмил әл Рамахи;
— Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы.

Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев 1981 жылы Ресей Федерациясында туған. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, қаржы және басқару магистрі.

Еңбек жолын 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің Клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған.

2006-2008 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің Лондон (Ұлыбритания), Прага қалаларындағы (Чехия) Қаржы департаментінде маман болып жұмыс істеген. 2008-2014 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің (Ұлыбритания) нарықтағы акциялар жұмысы жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті болған.

2014-2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның «Сити» инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті лауазымын атқарған.

2015-2017 жылдары Қазақстанның Ситибанкінде бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті болған.

2017-2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының «Сити» инвестициялық банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті болып жұмыс істеген. 2020 жылы «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры лауазымына тағайындалған.

2022 жылғы ақпаннан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметін атқарған.

2023 жылдың 4 кыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі болды.

2025 жылдың 28 ақпанында Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар