Қандас мәртебесін алғандарға Үкіметтен қандай қолдау бар
Қандас мәртебесін алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бере алады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ҚР Үкіметі қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді.
Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабу мен коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар, қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа келесі қызметтер көрсетіледі:
– ҚР аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
– қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
– Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
– мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.
Айта кетсек, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралды.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% – ҚХР-дан, 7,1% – Түрікменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% – басқа елдерден келген.