Қандас мәртебесін қалай алуға болады: елге көшудің 9 кезеңі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға көшіп келуді жоспарлаған этникалық қазақтар қандас мәртебесін қалай алады және қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қоныс аудару үшін тоғыз кезеңнен өту қажет. Ең маңызды қадамдарды түсіндіреміз.
Бірінші қадам – өңірді таңдау. Елде қоныс аудару үшін жеті өңір белгіленген. Алдын ала тұрмыс жағдайлары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін нақтылап алған жөн.
Екінші қадам – ҚАЗТЕСТ. testcenter.kz сайтында қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тесттен өтесіз. 60 сұрақтан тұратын тесттің әр бөлімі, яғни тыңдалым мен оқылым бойынша кемінде 70 пайыз дұрыс жауап беру керек.
Үшінші қадам – сауалнаманы толтыру. Біліміңіз, жұмыс тәжірибеңіз, кәсіби дағдыларыңыз, тілдерді меңгеру деңгейіңіз, денсаулық жағдайыңыз және отбасы құрамы туралы мәліметтерді көрсету керек. Осы деректер негізінде балдық бағалау, яғни скоринг жүргізіледі.
Төртінші қадам – мемлекеттік тексеру. Өтініш берушінің мәліметтерін арнайы және құқық қорғау органдары тексереді.
Бесінші қадам – сұхбаттасу. Тексеруден кейін үміткермен сұхбаттасу өткізіліп, тиісті шешім қабылданады.
Алтыншы қадам – қандас мәртебесін алу. Скорингтен сәтті өткеннен кейін қандас мәртебесін алу үшін тиісті өтініш беруге болады.
Жетінші – мемлекеттік қолдау. Өңірлік квотаға енгізілген жағдайда қоныс аударуға, тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидиялар қарастырылған.
Сегізінші – бейімделу және қоғамға кірігу. Мамандандырылған орталықтар құжаттарды рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға және балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға көмектеседі.
Тоғызыншы – тұрақты тұруды рәсімдеу. Алдымен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Содан кейін тұруға ықтиярхат рәсімделеді.
Қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, барлық кезеңнен ретімен өтіңіз.
Еске салайық, бұған дейін «қандас» мәртебесін қалай үйден шықпай-ақ алуға болатыны жөнінде жазған едік.