Қандасымыз Еркебұлан Байытұлы әлемдік аренада топ жарды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Қандас
Фото: Байыт Қабанұлының жеке мұрағатынан

Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

Шыңжаңдағы мектептерде өзгеше оқу тәсілі жолға қойылды - CNR 

Шыңжаңның оқу-ағарту саласындағы дене тәрбиесі пәніндегі сабақ мазмұны кеңейтілу үстінде. Аталған өлкеде дене тәрбиесі сабағының оқыту формасы әр өңірде өзге жерлермен салыстырғанда өзіндік ерекшелікке ие, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Шыңжаң
Фото: kazakcnr.com

Атап айтқанда, Алтайдағы орта, бастауыш мектеп оқушыларының қысқы дене тәрбиесі сабағы шаңғы алаңында өтеді. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап Алтай қаласы «Ат өнерін мектеп ауласына енгізу» жобасын жалпыластырып, сауаттық білімдерін үйретіп, оқушыларды атқа мінгізу арқылы аталған өнердің өзгеше қасиетін сезіндірген. Ал, Қарамайлы қалалық №8 бастауыш мектеп дене тәрбиесі сабағында «қалқымалы тәрелке ұшыру» деп аталатын спорттық сабағын жалғастыруда. 

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, қазіргі уақытта Шыңжаңда жоғарыдағы аталған дене тәрбиесі сабағынан тыс, өзгеше ерекшелікке ие сабақ түрлері жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, жақында Шыхызы университетінде жүзім шарабын сараптау сабағы өткен. Бұл сабақ желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Сондай-ақ Шыхызы университеті азық-түлік колледжінің тәжірибе сабағында шәкірттер сиыр еті бұқтырмасын жасауды үйреніп, сабақ барысында дәмді тағамнан дәм татумен бірге азық-түлік білімдерін қоса игерген. 

«CNR»-дің мәліметінше, қазірге дейін орта, бастауыш мектептерде шаңғы тебу, ат өнері сабағы жалпыластырылса, енді Шыңжаң педагогика университеті студенттерге садақ ату өнерін үйрету сабағын енгізе бастаған. 

сауда
Фото: uza.uz

Өзбекстан биыл 198 елмен сауда байланысын жасады - «ӨзА» 

2023 жылдың қаңтар-қазан айларында Өзбекстан әлемнің 198 елімен сауда байланысын жасады. Осы арлықта Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 51 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі жазды.

Аталған басылымның мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сыртқы сауда айналымының көлемі 25,2 пайызға өскен. Өзбекстан сыртқы сауда айналымында Қазақстан байланысы едәуір жоғары үш елдің бірі. Атап айтар болсақ, Қытай (21,2 пайыз), Ресей (15,6 пайыз), Қазақстан (7 пайыз). 

Еркебұлан Байытұлы әлемдік аренада екі бірдей жүлде жеңіп алды – facebook 

62 елдің үздік спортшылары қатысқан Астанада өткен чемпионатта Mr.olimpia amateur qualifier. Astana IFBB PRO 2023 сайысында (Mensphysique Novice категориясында) алтын медалды Моңғолия елінде тұратын Еркебұлан Байытұлы атты спортшы қандасымыз жеңіп алды. Сонымен қатар осы спорттың Mensphysique Open Class D түрінен қола медалды тағы қанжығасына байлаған. Бұл туралы үздік спортшының Моңғолияда тұратын әкесі ақын Байыт Қабанұлы facebook-тегі парақшасында жазды.

қандас
Фото: Байыт Қабанұлының жеке мұрағатынан

Жазба авторы бұл Астана қаласында болып жатқан әлемдік деңгейдегі аса беделді спорттық шара екенін айтады. 

Ақын Байыт Қабанұлы баласының Астанаға барғанда алдынан күтіп алып, үйіне жатқызып, барлық жағдайын жасаған Ұларбек Дәлейұлына және оның отбасына ризашылығын білдірген. 

130 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозавр терісінің кей бөлігі 100 пайыз сақталған – «Халық газеті» 

Қытай ғалымдары 130 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозавр терісінің қалдықтарын тапты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті ақпараттық порталы.

терісі
Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың келітірген мәліметтеріне сүйенсек, жақында Қытайдың Шаньдун өлкесіндегі ғалымдардың зерттеу тобы 130 миллион жыл бұрынғы Хэбэй өлкесінің Чэндэ қаласы Фэннин Маньчжур автономиялық ауданында табылған Jehol Biota шөпқоректі динозаврлардың екі қазбасын қазып, қалпына келтірді.

«Халық» газетінің дерегінше, сүйектер мен тері қалдықтарының кейбір бөлігі шамамен 100 пайыз сақталған. Зерттеу тобы қазбаның негізгі бөлігін қалпына келтіруді аяқтап, кезеңдік нәтижелерге қол жеткізген. 

Мен армандаған Қазақстан - «Parstoday»

Осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Мен армандаған Қазақстан» деген тақырыптағы мақала жарық көрген.

Аталған мақаланың авторы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық факультетінде білім алып жүрген студент.

универ
Фото: kaznu.kz

Факультет түлегі Моңғолия елінен келген екен. Автордың айтуынша, ол Моңғолиядағы барлық жоғарғы оқу орындарын ұзақ сараптаған, бірақ таңдауы аталған елден емес, назары атамекені ҚР-дағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқтаған.

«Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсу әрбір түлектің арманы болғаны анық. Себебі ол алдыңғы қатарлы оқу орындардың бірі де бірегейі. Биыл оқуға грант арқылы түсуді мақсат етіп жүрген жас тыңдаушылардың бірімін. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық университетінің дайындық факультетінде білім алып жүрмін», - деп жазды дайындық факультетінің түлегі.  

Такламакан шөліндегі құмдар топыраққа айналатын болды - «People.cn»

Жақында Шыңжаңдағы Такламакан шөлінің кіндігіндегі Чершен ауданындағы «құмды топыраққа айналдыру» эксперименттік демонстрациялық жобасы аясында 4 айлық жұмыстан кейін бөріқұйрық шөбін сынақ ретінде отырғызу сәтті басталды. Бұл бастама «құмды топыраққа айналдыру» экологиялық қалпына келтіру технологиясын енгізуге берік негіз қалады, деп жазады kaz.people.cn.

Шөл
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық басылымның мәліметінше, құмды шөлге отырғызылған бөріқұйрық шөбі күн ұзақ түсетін ортаға өсуге бейім. Ол аязға, ылғалға өте төзімді болғандықтан малдың жем-шөбі, құмды тізгіндейтін өсімдік ретінде пайдалануға болады. Құммен күресуде және қоршаған ортаны қалпына келтіруде бөріқұйрық шөптерінің интеграцияланған мүмкіндіктерін толық пайдалануды жалғастырады және Чершен ауданындағы құмды шөлдің топыраққа айналуына жаңа жол табатын көрінеді.

Айта кетейік, Такламакан шөлі – Батыс Қытайда орналасқан шөлді дала. Әлемдегі ең үлкен әрі ең ұзын шөлдердің бірі. Батыстан шығысқа дейінгі аралығы 1 000 км. Ені - 400 км. Жалпы құмның ауданы - 300 мың км² құрайды.
Жалпы, Такламакан шөлі әлемде Сахара шөлінен кейінгі 2-шы орында тұрған құмды дала. 

Илбер Ортайлыға ЕҰУ университінің Құрметті професоры атағы берілді – «TRT» 

Қазақстанның бас қаласы Астанада «Түркия Республикасының 100 жылдық белесінен Түркі әлемінің болашағына» тақырыбында халықаралық конференция өткізілді. Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

профессор
Фото: trt.net.tr

Аталған басылымның дерегінше, Түркі Академиясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Түркия Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған шараның ашылуында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Tүркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Mұстафа Капуджу, Халықаралық Османлы зерттеулері комитетінің Басқарма кеңесінің мүшесі профессор Илбер Ортайлы сөз сөйлеген.

Жиын аясында Түркі Академиясы белгілі түрік тарихшысы Афет Инанның «Кемал Ататүрікті еске алғанда» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жаңа кітапта түрік зиялы қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның түркі әлемінің ұлы қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ойлары жинақталған.

Конференция соңында профессор Илбер Ортайлыға Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттырудағы үлесі үшін Түркі Академиясының арнайы медалі табысталып, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ университінің Құрметті професоры атағы берілді.

Соңғы жаңалықтар