Қандастарды қолдау тәсілдері жаңарады

АСТАНА. KAZINFORM — Отанға оралған қандастарды халық аз орналасқан және еңбек күші тапшы өңірлерге орналастыруға басымдық беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті. 

Светлана Жақыпова
Фото: Үкімет

— Этникалық репатриация институтын дамыту контекстінде қандас мәртебесін беру, тіркеу және қолдау бойынша, оның ішінде «Қандас» цифрлық платформасы арқылы қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарау міндеті тұр. Жаңа міндет қандастарды жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандыру ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді, — деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр отанға оралған қандастарды халқы аз аймақтарға орналастыру жоспарда барын айтты.

— Қандастармен кері байланыс тетіктерін пайдалана отырып, бейімдеу шараларын (тұрғын үй, білім беру, тілдік интеграция, кәсіптік бағдар беру) одан әрі жетілдіру және интеграцияның табыстылығын бақылау қарастырылған. Шетелдік мекемелер мен «Отандастар» қорының, сондай-ақ түрлі диаспоралардың көмегімен «Migration.enbek.kz» көші-қон платформасы аясында шетелде тұратын қазақтардың тізімі әзірленіп, енгізіледі, — деп толықтырды ведомство басшысы.

Биыл мамырда қандас мәртебесін беру тәртібі қайта қаралатыны туралы хабарлаған едік

Айта кетейік, қандас мәртебесін алған отандастарымыздың 17%-ы жоғары білімді

Соңғы жаңалықтар