Қандастарымыздың ата жұртқа орала бастағанына 20 жыл толуына орай Астанада оралмандардың Форум-құрылтайы өтеді

Форум-құрылтай 3 желтоқсан күні, сағат 15.00-де, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінде өтеді. Ұйымдастырушылар: Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, тарлан тарихтың түрлі кезеңдерінде ата жұрттан жырақтап кеткен Алаш баласы атамекенге бет түзей бастады. Содан бері дүниежүзінің 42 мемлекетіне тарыдай шашыраған 5 млн. қазақтың 1 млн.-ға жуығы атамекенге оралып үлгерді. Биыл Қазақстан егемендігін алғанына және қандастарымыздың ұлы көшінің басталғанына 20 жыл толды.
«Атамекенге келген қандастарымыз қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп, өздерінің қарым-қабылеттерін көрсетіп келеді. Көптеген ғылым докторлары, ұстаздар мен дәрігерлер, журналистер, ауыл шаруашылығы мамандары, кәсіпкерлер бүгінгі таңда шын мәнінде Қазақ елінің шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысып отыр», - дейді Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан.