Қандай ауруға қатысты әскерге шақырылғандар босатылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Әлсіз және орта дәрежелі офтальмологиялық аурулары бар азаматтар әскерге шақырылушылар қызметтен шеттетілмейді.Бұл туралы Алматы қаласы Қорғаныс істері департаментінің медициналық қызмет басшысы Қаныбек Манапов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлсіз және орта дәрежелі офтальмологиялық аурулар болған кезде әскерге шақырылушылар қызметтен шеттетілмейді. Әскерге шақырылушы әскери қызметтен босатуды көздің ауыр аурулары болған жағдайда ғана ала алады», - дейді ол.
Қаныбек Манаповтың айтуынша, әрбір аудандық әскери комиссариатта және қалалық жинау пунктінде медициналық комиссия құрамында психиатрлар мен наркологтар бар.
«Психиатр дәрігерлер әскерге шақырылғандармен сөйлесіп, тексереді. Содан кейін маман әскерге шақырылғанның жарамдылығы немесе жарамайтыны туралы қорытынды шығарады. Сондай - ақ қалалық жинау пунктінде Damumed деректер базасында халықаралық медициналық ақпараттық жүйе қосылған. Қалалық жиналу пунктіне келген барлық әскерге шақырылушы медициналық комиссия басталар алдында осы база арқылы тексеріледі. Осылайша, дәрігерлер диспансерлік есепте тұрғандарды, кімде қандай созылмалы аурулар бар екенін және тағы басқасын анықтайды», - деді спикер.
Бұған дейін мегаполисте көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталғаны туралы жазған едік.