Қандай банк карталарын қолдануға рұқсат етіледі – ҚМДБ өкілімен сұхбат

Ерғали Байділдаев
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі банк карталарына қатысты пәтуа шығарды. Бұл ақпаратқа әмияны шаң басып, қолма-қол ақша ұстауды ұмыта бастаған тұрғындар елең ете қалғаны анық. Банк карталарын қолдану бойынша шариғат не дейді? Сауалдарымызға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Ерғали Байділдаев жауап берді. 

– Дебеттік картада клиенттің маңдай терімен тапқан қаржысы сақталатыны белгілі. Сондықтан бұл картаны алаңсыз пайдалануға болатын шығар...

Ия, дебеттік картаны қолдануға көптеген ғалымдар мен пәтуа ұйымдары рұқсат берген. Өйткені бұл картада өсім беру қарастырылмайды.

– Ал картамен шариғат тыйым салған нәрселерге төлем жасалса, үкімі қандай?

Жалпы, шариғат бойынша тыйым салынбаған заттарды алу керек. Тыйым салынған іс жасаған болса, күнә жазылады.

– Дебеттік картаға түскен кэшбектерді қолдануға бола ма?

Ислам Фиқһ Академиясының 139 (5/15) қарарында: «Дебеттік карталарды шығаруға әрі қолдануға рұқсат... Сондай-ақ карта иесіне шариғатта тыйым салынбаған қызмет көрсету немесе тауардың бағасын төмендету сияқты жеңілдіктерді пайдаланудың оқасы жоқ», – делінген. Осы ретте, төлем барысында клиенттің картасына қайтарылған кешбэкті қолдануға рұқсат етіледі.

– Шариғат пайызбен несие алуға рұқсат етпесе, кредиттік картаны да пайдалануға болмайды деген сөз бе?

Кредиттік карталарды қолдануға байланысты ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарас бар. Біріншіден, кредиттік карталарда өсім әрі оған алып баратын шарттар қамтылғандықтан бұл картаны қолдануға тыйым салынады. Екінші көзқарасқа сүйенсек, эмитент қарызды пайызсыз береді. Бірақ қарызды өтеу уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгілейді. Егер клиент қарызды пайызсыз алып, уақтылы төлеуге сенімді болса, онда бұған қажеттілік жағдайда кейбір ғалымдар рұқсат берген. Дегенмен одан түскен кешбэкті қайырымдылыққа жұмсауға тиіс.

– Бонустық карталарды пайдаланудың үкімі қандай?

Бонустық карталарды белгілі шарттар негізінде қолдануға рұқсат етіледі. Атап айтсақ, төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы, бонусты шариғатта тыйым салынбаған нәрсеге жұмсалуы, бонус үшін клиенттен комиссия алынбауы керек. Бонус сый ретінде берілуі қажет. Бұдан бөлек, кредит карталарын пайдаланып, ол үшін бонустар алуға болмайды. Ал сатушы бонус бердім екен деп тауарды қымбат бағаға сатпауға тиіс.

– Дисконттық карталар бойынша ғұламалар кеңесі қандай пәтуа шығарды?

Дисконттық (жеңілдік) карта – бұл сауда орталықтары, туристік фирмалар т.б. жеңілдіктерді ұсынатын карта. Бұл карта ақылы және тегін болуы мүмкін. Ислам Фиқһ Академиясының №138 қарарында: «Егер карта тегін берілсе, ондағы берілетін сыйлықтарды, жеңілдіктерді пайдаланудың оқасы жоқ. Бірақ сатушы жеңілдік ұсынғандықтан тауарды қымбат бағамен сатпауға тиіс. Егер дисконт картаны сатса әрі бағасы негізі құнынан жоғары болса немесе жыл сайын төлеп тұратын төлемі болса, онда пайдалануға тыйым салынады. Өйткені бұл құмар болып саналады» делінген.

– Қазақстанда Ислам банкінің карталары қолданыста бар ма?

Бұл сұрақты әл-Һиләл және Заман сияқты ислам банк өкілдерінен сұрағанымызда жеке тұлғаларға карта қолданыста жоқ екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар