Қандай отандық фильмдерге аудиодескрипция жасалған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елімізде қандай отандық фильмдерге аудиодескрипция жасалған? Бұл саланың қызықты тұстары қандай? Осы және басқа да сұрақтарға ҚазАқпарат тілшісіне «Қазақфильм» киностудиясы дубляж бөлімінің редакторы, филолог, аудармашы Нұргүл Шубаева айтып берді.
None

Маманның айтуынша, елімізде фильмдерге аудиодескрипция жасау жұмыстары 2021 жылдан бастап қолға алынған.

«Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымұлованың тұсында Қазақстан зағиптар қоғамының өтінішімен «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Зағип жандардың «дені сау адамдар секілді кинотеатарлар, музейлерге барғымыз келеді» деген өтінішінен соң аталған заңға өзгерістер еніп, елімізде шыққан әрбір отандық фильмге аудиодескрипция жасау міндеттелді. Содан бері, яғни 2021 жылдан бастап отандық фильмдерге аудиодескрипция жасалып келеді», - деді Нұргүл Шубаева.


Оның айтуынша, фильмдерге аудиодескрипция жасау жұмыстары алғаш рет 1978 жылы жоба ретінде басталған.

«Кеңес үкіметі кезінде «Клеопатра» және «Мимино» фильмдеріне жоба ретінде аудиодескрипция жасалған. Бірақ, сол кездегі билік тарапынан қаржыландыру, қолдау болмаған соң, бұл жоба сол күйінде қалып қойған. Кейін 2018 жылы Ресейдің кинематография заңына ресми түрде енген. Қазір бұл елде әрбір фильмге аудиодескрипция жасалады. Кинотеатрларында зағип жандар үшін арнаулы орындар бар. Қажетті қондырғы, жабдықтар, құлаққаптар болады. Демек, зағип жандар кез келген кинотеатрға барып, өздеріне арналған залда отырып, қалаған фильмін көре алады. Бізде әзірге олай емес секілді. Дегенмен, фильмдерге аудиодескрипция жасау жұмыстары жүріп жатыр», - деді спикер.

2021 жылдан бері бірнеше отандық фильмге аудиодескрипция жасалған.

«Қазақфильм» киностудиясында бүгінге дейін «Хирург», «Ағайындылар», «Бауырлар», «Ақын», «Соңғы үкім», «Өліара» деген отандық фильмдерге аудиодескрипция жасадық.

Сонымен бірге, ТiJi және Nickelodeon телеарналарының ұсынысы бойынша, қазір балаларға арналған мультфильмдерді қазақ тіліне аударып жатырмыз. Бұл ретте, аудармашылар оларды аударады, мен жазбаға дайындаймын. Мәтінде ешқандай қате кетпеуі, толыққанды дұрыс дайын болуы, актерлердің дұрыс оқуы секілді шығармашылық процестерді қадағалаймын», - деді Нұргүл Шубаева.

Ол аудиодескрипция жасау саласын қалай меңгергені туралы әңгімелеп, тәжірибесімен бөлісті.

«Мен бұл саланы әуелі интернет арқылы зерттедім. Кейін өзім бір фильмді таңдап, оған аудиодескрипция жасап көрдім. Оны режиссерге көрсетіп едім, ол оны ұнатты. Кейін осы салаға қызыға бастадым. Арықарай білімімді толықтырайын деп, интернет арқылы Ресейдің Мария Бабкина атты аудиодескрипторымен таныстым. Ол кісі ақылы түрде жабық шеберлік сабақтарын өткізеді. Сол сабақтарға онлайн үш рет қатысып, бұл саланы толық түсіндім десем болады», - деді ол.

Ол сондай-ақ, аудидескрипция саласының ерекшелігі жайында да айтып берді.

«Фильмге аудиодескрипция жасаған кезде экрандағы әрбір іс-әрекетті визуалды түрде сипаттап отыру керек. Сөзбен суреттеу кезінде оны жай қарапайым тілмен емес, іс-әрекетті көркем, әдеби тілмен жеткізу керек. Тыңдаушының құлағына жағымды болуы тиіс. Тыңдаушы не болып жатқанын көз алдына елететіп, түсініп отыруы керек.

Бір айта кетерлігі, фильмдегі тек іс-әрекет суреттеледі де, диалогтер сол күйінше қала береді. Себебі, зағип жандар ол диалогтерді өздері естіп отырады. Диалог біткен соң болатын іс-әрекеттерді қайтадан аудиодескриптор сипаттап береді.


Жалпы, маған бір фильмге аудиодескрипция жасау үшін 10 күн уақыт қажет немесе кемінде бір апта кетеді. Егер фильмде диалог көп болатын болса, маған оңай болады. Себебі, диалогке кезек бере қоясың, арықарай кейіпкерлер сөйлеп кете береді. Ал, кейбір фильмдердің ішінде үнсіздік көп болады, ол кезде аудиодескрипторға салмақ түседі, яғни зағип жанға оның бәрін суреттеп жеткізу керек», - деді спикер.

Аудиодескриптор жазған мәтінді оқитын диктордың дауысы жағымды, түсінікті болуы шарт.

«Актерлік, дикторлық бойынша оқу орнын бітірген, даусы таза, дикциясы дұрыс қойылған кісілер оқиды. Олардың үндері әсерлі болу керек. Өзіне баурап алатын, тартымды дауыс болғаны абзал. Сондықтан, біз қоңыр, жағымды дауысты дикторларды таңдаймыз», - деді Нұргүл Шубаева.

Сөз соңында ол: «Елімізде аудиодескрипторларды дайындайтын курстар болса, шетелден мамандарды шақырып, курстар өткізсе, сөйтіп бұл салада жас мамандар көбейсе, «нұр үстіне нұр» болар еді», - деген тілегін жеткізді.


Айта кетейік, аудиодескрипция – көру қабілеті жоқ және көзі нашар көретін адамға ақпарат берудің маңызды құралы, яғни аудиодескриптор нысан немесе құбылыстардың ауызша сипаттамасы арқылы зағип жанның айналадағы орта, іс-әрекет туралы түсінік алуына көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар